Павлодарлық студент судың кермектігін талдау арқылы алтын ұтып алды

Павлодарлық студент судың кермектігін талдау арқылы алтын ұтып алды
Фото: Татьяна Гаврилюк

WorldSkills Kazakhstan 2025 республикалық кәсіби шеберлік чемпионатында павлодарлық студент Диана Балапанова жеңімпаз атанды. Химико-механикалық колледждің үшінші курс студенті үшін бұл – алғашқы ұлттық деңгейдегі маңызды жарыс, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Диана Балапанова осы чемпионаттағы «Лабораториялық және химиялық талдау» құзыреттілігі жарияланған сәттен бастап дайындықты бастап кеткен. Педагог-сарапшы Татьяна Гаврилюк екеуі тәжірибелерді орындаудың барлық мүмкін нұсқаларын алдын ала пысықтаған.

– Біз тек тәжірибе атауларын білдік, ал оларды қалай орындайтынымыз, әдістемесі қандай болатыны белгісіз еді. Сол үшін барлық ықтимал нұсқаларды толық дайындықтан өткіздік. Студенттерде практикалық база болуы керек, сонда ғана ол есептеулер мен талдауларды дұрыс орындай алады. Біз түрлі мемлекет стандарттарын қарап, біріктіріп, өзімізге қажет схеманы жасадық, – деді Татьяна Гаврилюк.

Педагогтың айтуынша, Диананың спортпен айналысатыны үлкен артықшылық болды: ол тәртіпті, шыдамды әрі күйзеліске төзімді. Сонымен қатар, оның аналитикалық ойлау қабілеті мен уақытты дұрыс жоспарлай білуі де жоғары деңгейдегі жарыста жақсы нәтиже көрсетуіне көмектесті.

– Қатысушыларға түсетін қысым өте жоғары. 12 сарапшы әр қадамды мұқият бағалайды, – деді ұстаз.

Диана үш модульден тұратын тапсырмаларды орындады. Оның ішінде судың жалпы кернектігін комплексонометриялық титрлеу әдісімен анықтау міндеті де болды. Павлодарлық студент барлық кезеңде көш бастап отырды. Нәтижесінде Диана Балапанова алтын медаль иегері атанды.

WorldSkills Kazakhstan 2025 чемпионатында Дианадан бөлек бірнеше павлодарлық студент тәуір нәтиже көрсетті. Алтын медаль иеленгендер: Максим Сорозидинов (Жаяу Мұса атындағы Ақсу жоғары көпсалалы колледжі) – «Электромонтаж жұмыстары», Хайрм Берікбек («Ertis» жоғары инновациялық аграрлық колледжі) – «Ветеринария», Эдуард Керкеснер (Павлодар сервис және тамақтану колледжі) – «Ресторан сервисі», Дарья Мельник және Илья Кривошапов (Ақпараттық технологиялар колледжі) – «Өнеркәсіптік дизайн» және «Бизнеске арналған IT шешімдер»

Облыс құрамасының қоржынында бұдан бөлек үш күміс және бес қола медаль бар. Сондай-ақ Павлодар өңірінің 13 қатысушысы кәсіби шеберлігі үшін медальонмен марапатталды.

Бұл – павлодарлық команданың 2013 жылдан бергі ең жоғары нәтижесі. Аймақ республика бойынша екінші орын алды. Жеңімпаздар келесі жылы Қытайдың Шанхай қаласында өтетін кәсіби шеберлік бойынша әлемдік чемпионатта Қазақстан атынан бақ сынайтын болады.