Павлодарлық астроклуб оқушыларды қабылдайды

Павлодарлық астроклуб оқушыларды қабылдайды

Мектеп оқушылары үшін обсерваториясында сабақтар тегін өткізіледі, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.  

Оқушылар сарайының «Антарес» астроклубының түлектері -  болашақ ғарыш зерттеушілері. Қазіргі уақытта «Антарес» астроклубында оқушыларды қабылдау жүріп жатыр. 9-17 жас аралығындағы мектеп оқушылары үшін обсерваториясында сабақтар тегін өткізіледі.  

Облыстық оқушылар сарайындағы үйірмелер шығармашылықпен тығыз байланысты. Ұзақ жылдар бойы үйірмеге, студияларға қатысқан балалар болашақ мамандықтарын осы жерден таңдайды.

Астрономия жан-жақты сала, физика, химия, биологиямен байланысты. Бұл ғылыми-зерттеу жұмыстарының ауқымын кеңейтуге септігін тигізеді, – дейді «Антарес» астроклубының жетекшісі Гүлнәр Баубекова. – Облыстық оқушылар сарайына келген балаларда бірден облыстық маңызы іс-шараларға, олимпиада немесе ғылыми жоба жарыстарына қатысуға мүмкіндігі болады.

Гүлнәр Баубекованың айтуынша, бұл клубта оқушының сабаққа деген ынтасы молайып, мұғалім оқушыны зерттеушілік әрекетке ынталандырады.

«Антарес» астроклубының 2024 жылғы түлектері космонавтиканы мамандық ретінде таңдайды. Клубта өткен сабақтар олардың облыстық, республикалық деңгейдегі ғылыми жоба байқауларына белсене қатысуына мүмкіндік беріп қана қоймай, олардың мамандық таңдауына да септігін тигізді.

Мысалы, астроклуб түлегі Кирилл Сибилев бала кезінен ғарыш саласына қызыққан. Оқушының портфолиосында астрофизика саласындағы көптеген танымал ғылыми жарыстардың дипломдары мен сертификаттары бар. Сол себепті Кирилл емтихандарды сәтті тапсырып, Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университетінің грантын ұтып алған. Ол ғарыштық технологиялар факультетін таңдап, болашақ мамандығын астронавтикамен байланыстырды.

Аспандияр Хасенов – «Антарес» астроклубының 2024 жылғы түлегі. Ол жас кезінен астроклубқа келіп, көптеген республикалық, облыстық ғылыми жарыстарға қатысып үлгерген. Тіпті, Ақсу қаласының мектебінде оқып жүріп, оқушылар сарайына сабаққа келуге ерінбеген. Қазіргі таңда емтихандарын сәтті тапсырып, Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне әуе технологиясы мамандығына оқуға түсті.  

Назар Гайдунко астроклубта оқып жүргенде колледж студенті болған. Қызықты форумдарға, конференцияларға, олимпиадаларға қатысқан. Колледжді бітіргеннен кейін Новосібір мемлекеттік техникалық университетінің грантын жеңіп алып, биофизика мамандығы бойынша оқуын жалғастырды. 

Барлық ақпаратты @astro.pavlodar клубының Instagram-парақшасынан білуге болады.