Елімізде жедел жәрдем бойынша Павлодар облысы көш бастайды
Ертіс өңірінің жедел жәрдем станциясы үздік нәтиже көрсетіп отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының бас дәрігері Қанадан Ахметжанов мәлім етті.
– Мәселен, республикада сәтті реанимация өткізген орташа көрсеткіш – 40 пайыз, ал Павлодар облысында – 72 пайыз. Бригадалардың жол-көлік апаты орнына келудің орташа уақыты 16-19 минут болса, бізде 13-ақ минутты құрайды, – деді Қанадан Ахметжанов.
Оның сөзінше, облыстық жедел жәрдем қызметін жетілдіру жұмыстары 2011 жылдан бастау алды. Сол кезден бастап бірнеше бағыт бойынша жұмыс өзгерген. Атап айтқанда, автоматтандырылған басқару жүйесін іске қосу, навигациялық жүйе, электронды медициналық карта, «үдемелі бригадалар», триаж-жүйесі мен қашықтық ЭКГ енгізіліп, мамандандырылған оқу орталығы іске қосылған.
– Әр медициналық бригада заманауи құралдармен жабдықталған. Олардың қатарында дефибриллятор-мониторлар, өкпені жасанды желдету аппараттары, перфузорлар және небулайзер, басқа да құралар бар, – деді спикер.
Ал 2016 жылы Павлодар облысының жедел жәрдем қызметі аймақтық станцияның құрамына енді. Бүгінде станция үш қаладағы алты қосалқы станция және аудандық қосалқы станциядан құралған.