Биыл Павлодар облысында түлектердің 99 пайызы ҰБТ-ға қатысты
Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысушылардың саны жыл сайын артып келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Биыл Павлодар облысында Ұлттық бірыңғай тестілеуге бес мыңнан астам түлек қатысты. Бұл жалпы бітірушілер санының 99 пайызын құрайды.
– Салыстырмалы түрде алсақ, бес жыл бұрын ҰБТ тапсыруды түлектердің 84,5 пайызы таңдаған болатын. Тестілеуге қызығушылықтың артуы білімді бағалау жүйесіне деген сенімнің ғана емес, жастардың білім алуға деген ұмтылысы мен жоғары мақсаттарының артқанын көрсетеді, – деп атап өтті облыстық білім басқармасында.
Ведомство өкілдері дарынды балалармен жүргізіліп жатқан жүйелі жұмысты үлкен жетістік деп бағалайды. Биылғы оқу жылында павлодарлық оқушылар 311 медаль иеленді. Оның 60-ы халықаралық деңгейдегі жетістіктер.
Зияткерлік байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері қатарында ауыл мектептерінің оқушылары да бар. Олардың арасында Железин ауданының оқушысы Әліжан Жайықбаев, Павлодар ауданының оқушысы Мұстафа Қыстаубай, Успен ауданының оқушысы Никита Ильин, Баянауыл ауданының оқушысы Береке Мұсабеков, Аққулы ауданының оқушысы Ақерке Абылқас бар.
– Павлодар облысы қазіргі білім берудегі маңызды бағыттардың бірін – тұрғылықты жеріне қарамастан барлық балаға тең мүмкіндік беруді көрсетіп отыр, – деп есептейді мемлекеттік орган өкілдері. – Павлодарлық оқушылардың жеңіс географиясы бүкіл әлемді қамтиды: Литва, Франция, Өзбекстан, Ресей.
Халықаралық биология олимпиадасының күміс жүлдегері Ерсұлтан Қайыркен, қыздар арасындағы Еуропалық математикалық олимпиаданың жеңімпазы Юлия Катунова, Әл-Хорезми атындағы халықаралық олимпиаданың алтын жүлдегері Бексұлтан Жанделдинов, халықаралық олимпиадалардың жүлдегерлері Даниил Перепелица, Юрий Шубладзе және Рахат Амантай – Қазақстанның жаңа буын зияткерлік элитасының өкілдері.
Айта кетейік, Павлодар қаласындағы №7 мектеп түлегі Әсет Альтаир ҰБТ-дан ең жоғары нәтиже көрсетіп, 140 балл жинады.
Сонымен қатар, Павлодар облысы екінші жыл қатарынан жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша «Үздік олимпиадалық команда» атағына ие болды. Ал қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша өңір ондықтағы орнын жақсартып, Гран-при иеленді.