Павлодарда панасыз адамдар күндерін қалай көреді?

Павлодарда панасыз адамдар күндерін қалай көреді?
Фото: Константин Шелков

@Pavlodarnews.kz тілшісі тұрғындар баспана тауып, қалыпты өмір сүруге көмектесетін мейірімділік үйіне барып қайтты.

Облыс орталығында қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарды әлеуметтендіру орталығына келген әрбір адамның өз тарихы бар. Мекемеде жұмыс істейтін психологтың айтуынша, тұрғындардың басты қорқынышы - көшеде үсіп қалу. Келесі кезекте маңдай термен жинаған ақшасынан басқа адамдардың кесірінен айырылып қалу қорқынышы бар. Яғни, көшеде қалып қойған адам өзін әлсіз сезінеді, себебі ондағы заңдар мүлдем басқа.

Орталықтың әлеуметтік қызметкерлері панасыз азаматтарға жеке басты куәландыратын құжаттарды алуға және арнайы біліктілікті қажет етпейтін жұмысты табуға көмектеседі. Алайда қиын жағдайға тап болғандардың арасында жоғары және техникалық білімі барлар да жеткілікті. Бірақ-та кейбір адамдар көшеде ұзақ өмір сүргендіктен ішімдікке салынып кетеді, кетекейіннен мүгедек болып жататын жағдайлар да кездеседі. Бұл олардың жұмыс табуына кедергі келтіреді.

Осындай жандарды паналайтын мемлекеттік мекеменің өзіндік ішкі тәртібі мен ережелері бар. Алдымен олар орталықтың өмір сүру жағдайларымен танысады. Содан кецін ешқандай шағым болмауы үшін ресми түрде келісім-шартқа отырады. Ережелерге бағынбаған адам бір жылға мекемеге тіркелуден шеттетіледі. Шарт бұзылған кезде тұрғындар үйден шығып, кейін қайтадан жаңа келісім-шартқа отырады. Мысалы, Эдвардтың толық емес жоғары техникалық білімі бар. Ол толық емес отбасында, әкесінің қолында өскен. Эдуард бизнеспен, азық-түлік және құрылыс материалдарын сатумен айналысқан. Бірақ бұл сәтсіз аяқталған еді.

– Серіктесім маған опасыздық жасады. Алғаш рет әкем қайтыс болғаннан кейін ішімдікке салындым. Алты айдан кейін анам қайтыс болды. Алкогольге байланысты жұмыстан айырылып, әйеліммен ажырасып, өз-өзімді жоғалтып алым,– деді ол.

Эдуард көшеде қалай өмір сүргенін жадынан өшіргісі келіп жүр. Ол қосымша ақша табуға тырысып, екі жыл бойы ішпей, қызына сыйлық жасаған. Алайда қызы әкесінің сыйын қабылдамағаннан кейін ішімдікті қайта жолдас қылған. Ішімдік оны орталыққа әкелген. Ол бұл психологиялық тәуелділік екенін түсінеді, бірақ өзінің жеңіп шығатынына сенімді.

Ал бұл–Виктор. Виктор Ауған соғысында болған, зейнетақы алады, пәтер кезегінде тұр. Ол әйелімен ажырасып, бүкіл дүниесін оған қалдырған.

–Көшеде қалып қоймау үшін мен әлеуметтендіру орталығына келдім,–деді Виктор.

Әлеуметтік қызметкерлер оны салмақты, жауапкершілігі мол адам ретінде сипаттайды. Мүгедектігі жұмысқа тұруға кедергі жасайды, бірақ Виктор еңбек терапиясынан бас тартқан емес.

Орталық директорының әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары Ардақ Сыздықовтың айтуынша, тіркелу алдында міндетті рәсімдер бар: дезинфекция, душ қабылдау, қырыну, медициналық тексеру, флюорография. Жатақханаға туберкулез, тері, психикалық аурулары бар адамдар жіберілмейді. Егер бәрі ережеге сай болса, адамның жеке басы расталып, тұру шарты жасалады. Құжаттары болмаған жағдайда жаңа келгеннің жеке басын полиция анықтайды.

Барлық шаралар аяқталғаннан кейін тұрғындармен психолог Салтанат Мұкарова жұмыс істейді. Тесттер мен әңгімелер көмегімен психологиялық портреті құрастырады.

Психологтың ойынша, әр адамның бойында жақсылық бар, тек соны тауып, көрсете білу керек. Бұл адамның өзіне деген сенімін қалпына келтіруге және депрессиялық күйден шығаруға көмектеседі. Орталықта адамды қоғамға қайтару үшін емес, оның өзі оған толыққанды тұлға ретінде келіп, түсінігін қалыптастыру үшін күреседі.

Естеріңізге сала кетейік, 29 қазан – Әлеуметтік қызметкерлер күні. Бүгінде облыста әлеуметтік саласында өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға арнаулы әлеуметтік қызметтің кепілдік берілген көлемін көрсететін үш мыңға жуық адам еңбек етеді.

Фото: Константин Шелков