Павлодарлық оқушы тарихты үш тілде үйрететін ойын әзірледі
Интерактивті жоба туған өлкені ойын форматында танып-білуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
№8 мектеп-лицейдің 5-сынып оқушысы Богдан Питраков «Tugan Jer» атты интерактивті ойын жасап шығарды. Бұл ойын Павлодар облысының, сондай-ақ Қазақстанның басқа да қалаларының тарихы мен географиясын қолжетімді әрі заманауи түрде үйренуге көмектеседі.
Ойында пайдаланушылар қазақ, орыс немесе ағылшын тілін таңдап, сұрақтарға жауап береді және нәтижесін бірден көреді. Мұндай тәсіл оқуды жеңіл әрі қызықты етеді, ал материал тезірек меңгеріледі.
Жоба авторының айтуынша, бұл жұмысты жасауға бір жылдан астам уақыт кеткен.
– Ең қиын әрі ең қызықты кезең – өңіріміздің тарихы, географиясы, экономикасы мен көрікті жерлері туралы ақпарат жинау болды. Бұл мен үшін туған өлкенің өткеніне жасалған нағыз саяхат болды, – дейді Богдан Питраков.
Жоба барысында оған өлкетанушылар, тарихшылар және Г.Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері көмектескен. Сонымен қатар ол екі жыл бойы «Фарватер» Ертіс өлкетану академиясына қатысып келеді.
Жоба жетекшісі Ирина Шевченконың айтуынша, интерактивті ойын оқушыларды Павлодар облысының сегіз ауданымен және Қазақстанның бес қаласымен таныстырады. Жоба Scratch бағдарламалау ортасында өлкетану материалдарын біріктіреді. Оқушы ойынның дизайнын өз бетінше жасап, викторинаның құрылымын ойластырып, тіл таңдау мүмкіндігін енгізіп, жедел кері байланыс жүйесін қосқан.
Ойын форматының таңдалуы қазіргі білім беру талаптарымен байланысты.
– Бүгінгі оқушыларға пәндерді оқуда және қызығушылықты арттыруда дәстүрден тыс тәсіл қажет. Ойын технологиялары білім беру жүйесінде маңызды орын ала алады, бірақ олар дәстүрлі оқыту әдістерімен қатар қолданылуы тиіс. Мұндай жобаларды қолдау өте маңызды. Баланың жетістігіне оның ата-анасының да ықпалы зор болды, – деп атап өтті педагог.
Ойын №8 мектеп-лицейінің оқушылары, М.М.Катаев атындағы Оқушылар сарайының тәрбиеленушілері және Павлодар география үйінде апробациядан өтті. Тестілеу нәтижесінде оқушылар ойынға қызығушылық танытып, оның форматы оқу материалын меңгеруде тиімді екенін көрсетті.
Қазіргі уақытта интерактивті ойын толық дайын және баршаға қолжетімді. Оны QR-код арқылы өтіп, пікір қалдыруға болады. Сонымен қатар жоба М.М.Катаев атындағы Оқушылар сарайының оқу процесінде қолданылуда.