Павлодарлық оқушы Италия және Малайзияда оқу гранттарын жеңіп алды
Ол оқуға түсу процесін 7-сыныптан бастаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Назарбаев Зияткерлік мектебі баспасөз қызметінің мәліметінше, 12-сынып оқушысы Әдина Хайрушева Италия және Малайзия жоғары оқу орындарының толық грантын ұтып алды. Өзінің қажырлы дайындығының арқасында Columbia University, Duke, Lafayette, Drexel, Syracuse, Colby және Dickinson college шетелдік жоғары оқу орындарына шақырту алған.
Ол 7-сыныпта қазақстандық оқушылардың Америкаға оқуға түсіп жатқанын көріп, қабылдау процесіне қызығушылық танытқан.
– Әсіресе, неврология, биотехнология және биомедицина қызықтырды. Ерте жастан бастап ағылшын тілін үйренген соң дайындық кезінде қиындық туындамады әрі емтиханға ерте дайындала бастағаным да әсер етті, – дейді Әдина.
Жас өрен 2023 жылдың жазында IELTS-ті 8.0-ге тапсырған. Мектепте биология пәнінен олимпиадаға қатысып, жаратылыстану ғылымдарын зерттеген.
Оның сөзінше, шетелге оқуға түсуде GPA және халықаралық емтихандардың нәтижелері маңызды. Себебі, өтінімге қабылдау кезінде комиссиясының қызығушылық танытуына мүмкіндік береді.
– Ең күтпеген нәрсе – «Шырмауық лигасы»-ның Columbia University-нің шақыруы. Сондықтан мен ол жерге ерте өтінім бердім. Кейінірек Италиядағы University of Padua және Малайзиядағы Xiamen University университеттерінен толық грантпен шақырту алдым, – дейді Әдина Хайрушева.
Ол ұйымшылдықтың, академиялық жетістіктердің және өз істеріндегі шынайылықтың арқасында қабылдау комиссиясына шетелдік студент болуға лайық екенін көрсетуге болатынын айтады.