Болашақ энергетиктер Павлодар 2-ЖЭО-ның тыныс-тіршілігін зерттеуде
Инновациялық Еуразия университеті Жоғары колледжінің студенттері өндірістік практикадан өтуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, болашақ жылу энергетиктері мамандықтарын оқулықтар арқылы ғана емес, жұмыс істеп тұрған кәсіпорынның нақты жағдайында меңгеруде. Практиканттар жылу және электр энергиясын өндіру процестерін толық зерттейді, станцияның негізгі цехтарына барып, мамандардан тәжірибе алады.
– Біз студенттерді болашақ мамандықтарымен таныстырамыз, цехтың жұмысы туралы айтып, негізгі міндеттерімізді түсіндіреміз. Балалар қызығушылық танытып, сұрақтар қояды. Болашақта олар бізге жұмыс істеуге келеді деп үміттенеміз, – дейді қазандық цехы бастығының пайдалану жөніндегі орынбасары Борис Камалетдинов.
Өз жоспарларымен 4-курс студенті Айқын Бейсенбай бөлісті.
– Мен ИнЕУ Жоғары колледжінде «Жылу энергетикасы» мамандығы бойынша оқимын. Тобымыздың жетекшісі Борис бәрін көрсетеді және жақсы түсіндіреді. Маған тәжірибе ұнады. Колледжді бітіргеннен кейін осында жұмыс істегім келеді, – деді ол.
Студенттер бұған дейін схемалармен жұмыс істесе, енді барлығын өз көздерімен көруге мүмкіндік алды.
– Тәжірибе өте жақсы өтуде. Күн сайын жаңа ақпарат аламыз. Бізді цехтарға апарып, барлығын жан-жақты түсіндіреді. Колледжде біз мұны схемалардан көрсек, мұнда өз көзімізбен көріп жатырмыз. Осылайша өз мамандығыңды әлдеқайда жақсы түсінесің. Мұнда жұмыс істеу өте қызықты деп ойлаймын, әрі ұжым да жақсы, – деп әсерімен бөлісті «Жылу энергетикасы» мамандығының 4-курс студенті Алина Шокубаева.
«ПАВЛОДАРЭНЕРГО» компаниялар тобында атап өткендей, жас мамандарды даярлауға ерекше назар аударылады.