Павлодарлық ерлі-зайыптылар арасындағы ұрыс азаяды
Бұған бірнеше себеп бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде Павлодар қалалық сотының 2023 жылдың он айындағы жұмысы қорытындыланды. Сот төрағасы Ерсін Қожабергеновтың сөзіне қарағанда, алименттік міндеттемелер бойынша арыздардың төмендеуі байқалады: өтініштер 2022 жылғы он айдағы 1 184-тен 2023 жылы 922 арызға дейін, яғни 262 арызға немесе 22,12% - ға аз.
- Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекстің талаптарына сәйкес ресімделген алимент төлеу туралы келісім болмаған жағдайда сот некені бұзу туралы талаптарды қарау кезінде, Кодекстің 22-бабын басшылыққа ала отырып, алимент өндіріп алу туралы мәселені шешеді, - деді судья.
Әріптесін толықтырған қалалық сот судьялары Айгүл Хамитова мен Әлия Асанова бұл мәселе соттың тікелей міндеттемелері шеңберіне жатқызылғанын айтты.
- Қазіргі кезде шағымданушы алименттерді төлету туралы өтініш жазбайды. Сот бірден балаларды асырау туралы шешім шығарады. Одан бөлек, балалардың қай жерде, кіммен тұратыны анықталады. Бұл некені бұзған кезде дау-дамайларды азайту үшін жасалған. Бірінші кезекте, кәмелетке толмаған балалардың құқықтары мен мүдделері алға қойылады, - деді судьялар.
Одан бөлек, Ерсін Қожабергенов 1 қыркүйектен бастап кәмелетке толмаған балалардың құқықтары мен мүдделері қарастырылатын істердің барлығы ювеналды соттар қарамағына өткенін айтты. Мысалы, кәмелетке толмаған балалары бар ерлі-зайыптылардың мүлігін бөлу, балалармен тілдесу, алименттер шегін өзгерту және басқа да сауалдарды ювеналды соттар шешетін болды.
2023 жылдың он айында Павлодар қалалық сотына 9 457 талап қою келіп түсті, бұл көрсетілген кезеңдегі өткен жылмен салыстырғанда 11,35% - ға немесе 1 074 талап қою мен арыздардың көбеюі байқалады.
Фото: Константин Шелков