Павлодарда Ұлттық ұлан оркестрі сауда орталығында көтеріңкі көңіл күй сыйлады

Павлодарда Ұлттық ұлан оркестрі сауда орталығында көтеріңкі көңіл күй сыйлады
Фото: «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметі

Шараның мақсаты – Ұлы Отан соғысына  қатысушылардың ерлігін мәңгі есте сақтау және болашақ ұрпаққа оларды жеткізу, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.  

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің мәліметінше, 5512 әскери бөлімінің  оркестрі  қаладағы қоғамдық шараларға белсене қатысады. Әскери оркестр «Жеңіске 100 күн қалғанда» акциясы аясында қаладағы қарттар үйіне барып, соғыс жылдарындағы әндерді орындап,  жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленген болатын. Ұландықтардың кезекті концерті Павлодар қаласындағы  сауда орталықтарының  бірінде  өтті. 

Бізде әлі бұл бағытта жоспарланған бірқатар жүйелі жобалар бар. Әскери бөлім шаһардағы қоғам тыныштығын қамтамасыз етуден бөлек, қала тұрғындарының бойына патриоттық сезім дарытуда сүбелі үлес қосып келеді, – 5512 әскери бөлімі командирінің орынбасары подполковник Рүстем Габдулин. 

Халық нөпірі көп ғимаратта оркестрдің  кәсіби деңгейде орындаған туындылары  көпшілікке көтеріңкі күй сыйлады. Алуан түрлі музыкалық аспаптың дауысын ести сала, өнерпаздарға  қызығушылық танытқан қала тұрғындарының саны лезде артты. Тіпті, кезекті бағдарламасын аяқтаған оркестрге тағы да өнер көрсетулерін сұрап, қолқа салғандар да болған.