Чемпионат көшбасшыларының бірі Павлодарда ұпай жоғалтты
Орталық стадионда «Ақсу» мен «Ақтөбе» кездесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Еурокубоктарда доп теуіп жатқан «Ақтөбе» жасыл алаңға қосалқы құрамды шығарды. Шина, Элдер Сантана, Бауыржан Байтана секілді көшбасшыларға демалыс берілді. Бұл «Ақсудың» жағдайын жеңілдетті.
Алайда, матч басталысымен батысқазақстандықтар шабуылға шықты. «Ақтөбе» тайм соңына қарай дегеніне жетті – Андерсон Ньянгбо айып алаңының алдында допты қабылдап алыс бұрышты дәл көздеді. Қақпашы Арсен Сиукаев ешбір көмек көрсете алмады – 0:1.
«Ақсу» гол жіберіп алғаннан кейін ғана оянды. «Ақтөбе» болса, керісінше, қорғанысқа ден қойып, есепті сақтап қалуға тырысты. Командаға жаңадан қосылған Кабо-Верде тумасы Маилсон Лима өзін жақсы көрсетті.
Екінші тайм басында аталмыш көрініс жалғасын тапты. Бірінші болып Маилсон Лима гол соқты, алайда ол есепке алынбады. Төреші есептемеген екінші гол VAR көмегімен ақыры есептелді. Оның авторы Дінмұхамед Қараман болды – 1:1.
«Ақтөбе» қайтадан шабуылға шықты. Бас бапкер Андрей Карпович көшбасшыларын жасыл алаңға шығарды. Команда гол соғуға жақын болды. Алайда «Ақсу» бағына есеп өзгеріссіз қалды.
«Ақсу» 12 ұпай жинаса да, соңғы орында қалды. Келесі матчты команда қайтадан өз алаңында өткізеді. 19 тамызда павлодарлықтар «Атырауды» қабылдайды.
Фото: «Ақтөбе» ФК