1 сәуірде «Ақсу» футболшылары күлкіге айналмауға тырысады
Ертең павлодарлық футбол клубы өз алаңында «Мақтааралды» қабылдайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қос клуб Қазақстан Премьер-лигасына 2022 жылы ғана қадам басты. «Мақтаарал» чемпионат барысында соңғы орында келе жатып, тек соңғы тур ішінде «Тобыл» мен «Тұранды» ұтып және «Ордабасымен» тең түсіп, бірден сегізінші орынға көтерілді. Команда ойыны да сондай болды: бірде көл, бірде шөл.
Команда капитаны Руслан Юденков бастаған атакенттіктер әрбір ойында ұпай алуға барынша тырысатын, оңай шағыла қоймайтын қарсылас болып танылды. Рамазан Оразов та шешуші гол соғып кететін шабуылшы екендігін көрсетіп жүрді. Биыл да жас форвард «Мақтаарал» сапында ойнап жүр. Алайда команда ұпай түгілі, бірде-бір гол соққан жоқ.
Маусым аралық үзілісте командаға Тоқтар Жанғылышбай мен Чемпиондар лигасында «Астананы» өрге сүйреген Джуниор Кабананга алынды. Дегенмен, әзірше нәтиже жоқ. Қос команда да 1 сәуір - Халықаралық күлкі күнінде масқара болмай, барынша ұпай алуға тырысатыны анық.
Матч 1 сәуірде сағат 18:00-де басталады. Ойын алдында жанкүйерлер назарына түрлі ойын-сауық бағдарламасы ұсынылады. Жолы болғыш фанат смартфонның иегері атанады.
Фото: ашық дереккөздерден