Павлодарлық өрен Роналду отанында доп тебе бастады
Былтыр ол «Ақсу» сапында небары екі-ақ матч ойнаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар футболының түлегі Ілияс Әбіл өзінің жаңа командасы – Португалияның «Жил Висенте» сапында тұңғыш рет ойнады. 19 жасқа дейінгі жастар арасындағы ел чемпионатында павлодарлық футболшының командасы «Лузитанияға» қарсы тұрып, 4:1 есебімен жеңіске жетті.
Португалияның U-19 чемпионатында Ілияс Әбіл командасы лигадағы орнын сақтап қалу үшін күресіп жатқандар тобының солтүстік дивизионын бастап келеді. «Жил Висентенің» ересек ұжымы елдің ең жоғарғы дивизионы – Примейрада тоғызыншы орында келеді.
18 жасар Ілияс Әбіл былтыр Қазақстанның Премьер-лигасында «Ақсу» үшін небары екі матч өткізген еді. Соның бірінде кездесудің аяқталуына екі-ақ минут қалғанда алаңға шыққан ол Алматының «Қайраты» қақпасына әдемі гол соға білді. «Жил Висенте» сапына ол 2024 жылдың ақпанында ауысты.
Өткен жылы ол «Екібастұз» сапында да Бірінші лигада 15 ойын өткізіп, «Ақсудың» жастар құрамы үшін QJ-лигада доп теуіп үлгерді. 2023 жылдың басында Ілияс Әбіл Минскіде өткен «Даму Кубогінде» Қазақстанның U-17 құрамасымен ойнады. Онда құрамамыз финалға дейін жетіп, павлодарлық өрен төрт гол соқты. Оған қоса ол былтыр U-19 құрамасында үш ойын өткізді.