Павлодарлық журналистер еліміздің бас футбол аренасында доп тепті
Бұл өңірлік БАҚ өкілдерінің республикалық турнирдегі екінші мәрте өнер көрсетуі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Majilis Cup атты турнирге Қазақстанның түкпір-түкпірлерінен жиналған 24 команда қатысты. Ұжымдар төрт-төрттен алты топқа бөлінді. Павлодар облысының командасы «С» тобына түсті.
Жерлестеріміз былтырғыдай Атырау облысының футболшыларымен бір квартетке түсті. Олардан бөлек топта Qaz365.kz порталы және «Ел арна» телеарнасының спортшылары ойнады.
Дәл былтырғыдай павлодарлықтар алғашқы кездесуін атыраулықтарға қарсы өткізіп, дәл бір жыл бұрынғыдай батысқазақстандықтарға ойсырай ұтылды. Есеп 1:6. Жалғыз допты Pavlodarnews.kz АА редактор-тілшісі Айбек Жұматов соқты. Команда қақпасын ақпараттық агенттіктің тағы бір өкілі Мақсат Көлтай қорғаса, шабуылда «Найзатас» журналының шеф-редакторы Еламан Қабдыләшім ойнады.
Келесі кездесуде павлодарлықтар Qaz365.kz командасына 0:6 есебімен есе жіберді. Дегенмен, топтық турнирдің соңғы кездесуінде Павлодар облысының футболшылары 2:0 есебімен жеңіске жетті. Өкінішке орай, доп айырмасының нашарлығына байланысты жерлестеріміз осы жерден жарысты тоқтатуға мәжбүр болды.
- Қазақстан құрамасы жақында ғана Солтүстік Ирландия мен Данияны ұтқан жасыл алаңда ойнап, басқа өңірлерден келген әріптестермен тілдескен бір ғанибет, - дейді Айбек Жұматов. – Алайда, облысымыздың намысын қорғай алдық дей алмаспын. Облысымызда БАҚ өкілдері ішінде футболды тәуір ойнайтын жігіттер баршылық. Бірақ олардың басын қосып, шынайы команда құру қолдан келмей тұр.
Айта кетейік, Majilis Cup бас жүлдесін Алматы облысы мен Kazmedia футболшылары сарапқа салды. Финалда талдықорғандықтар 1:0 есебімен жеңді.