ЕГМК Мойылды ауылындағы балаларға жаз мерекесін сыйлады

ЕГМК Мойылды ауылындағы балаларға жаз мерекесін сыйлады
Фото: ұйымдастырушылардан

Балаларды қорғау күні ауылда концерттік бағдарламамен, флешмобтармен және түрлі ойын-сауық шараларымен аталып өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Мойылды ауылының жас тұрғындарына арналған мерекелік шара Ертіс гидрометаллургиялық комбинатының (ЕГМК) қолдауымен ұйымдастырылды. Балалар үшін концерттік бағдарлама, шығармашылық ұжымдардың өнер көрсетуі, аниматорлармен ойындар және сыйлықтар дайындалды.

Мойылды ауылының әкімі Жеңіс Әбікеннің айтуынша, Балаларды қорғау күні – ең маңызды мерекелердің бірі, өйткені бүлдіршіндер – елдің болашағы.

– Барлық игі істер мен бастамалар өскелең ұрпақтың игілігі үшін жасалуы тиіс. Балаларымыздың болашағы жарқын болып, білімде озат, өмірде табысты болсын. Олар еліміздің лайықты азаматтары болып өссін, – деді ауыл әкімі.

Сондай-ақ ол әлеуметтік жобаларды қолдап, ауылдың дамуына тұрақты түрде үлес қосып келе жатқан Ертіс гидрометаллургиялық комбинатына алғыс білдірді.

Оның айтуынша, кәсіпорын ауыл әкімдігімен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеп, маңызды мәселелерді шешуге көмектесіп келеді. Өткен жылы компанияның қолдауымен балабақшаның қасбеті жөнделген. Биыл мектепке дейінгі мекеме аумағына ойын алаңдарын орнату, мектеп маңын абаттандыру және футбол алаңын жөндеу жоспарланған.

– Ауыл әкімдігінен түскен барлық ұсыныстар кәсіпорын басшылығы тарапынан қолдау табады. Бұл тұрғындар үшін үлкен көмек әрі ауылдың дамуына қосылған маңызды үлес, – деп атап өтті Жеңіс Әбікен.

Мерекеге 14 жасқа дейінгі 60-тан астам бала қатысты. Олар үшін мазмұнды әрі қызықты бағдарлама ұйымдастырылды. Сахнада балабақша тәрбиеленушілері мен ауылдың шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті.

Балалардың ерекше ықыласына аниматорлар ие болды. Олар «Мұзды өлке» мультфильміндегі Эльза мен Анна, Тедди аюы, сондай-ақ Brawl Stars ойынындағы Леон мен Джесси кейіпкерлерінің бейнесінде келді. Аниматорлар балалармен бірге ойын ойнап, би билеп, көңілді байқаулар өткізді.

Мерекенің соңында әр балаға сыйлық табысталды. Сонымен қатар шараға қатыса алмаған мүмкіндігі шектеулі балаларға да арнайы тартулар жеткізілді.

Компания өкілдерінің пайымдауынша, балаларды қолдау және олардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау кәсіпорынның әлеуметтік жұмысының маңызды бағыттарының бірі болып қала береді.

– Біз балалардың білім алып, дамуына жақсы жағдай жасауға және оларға жағымды эмоциялар сыйлауға әрдайым атсалысуға тырысамыз, – деді ЕГМК-ның қоғаммен байланыс жөніндегі маманы Тоқмұхамед Қабылтаев.

Ауыл тұрғындарының сөзінше, балалар мұндай іс-шараларға әрдайым ерекше қызығушылықпен қатысады. Бұл күні аниматорлардың өнері мен тәтті тағамдар балалардың көңілінен ерекше шықты.

Серіктестік материал