Павлодарда есірткіге қарсы айлық аясында сексеннен астам шара өтеді

Павлодарда есірткіге қарсы айлық аясында сексеннен астам шара өтеді
Фото: Константин Шелков

Жастарға арналған профилактикалық бастамалар күшейтілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Есірткіге қарсы айлық аясындағы профилактикалық іс-шараның негізгі мақсаты  жастар арасында тыйым салынған заттарға қарсы көзқарас қалыптастырып, салауатты өмір салтын насихаттау.

Павлодар облысы ақпарат және қоғамдық даму басқармасының жастар және отбасы бөлімінің басшысы Жаннұр Ахметжанованың айтуынша, өңірде барлық жұмыстар Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жүзеге асырылып жатыр.

Бүгінгі таңда нашақорлықпен күрестегі басты бағыт – алдын алу жұмыстары. Осы мақсатта облыстық деңгейде полиция департаментімен бірлесіп түрлі жобалар іске асырылуда. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде жастар арасында наркотикке тәуелділік пен есірткі қылмысының алдын алуға бағытталған жоба жүзеге асуда. Жыл басынан бері 60-тан астам іс-шара өткізіліп, оған 15 мыңнан астам жас қатысты, – деді Жаннұр Ахметжанова.

Бөлім басшысының сөзінше, жоба аясында психологтар, заңгерлер және құқық қорғау органдарының мамандары қатысатын подкасттар түсірілуде. Сонымен қатар, ата-аналардың құзыреттілігін арттыруға арналған оқыту тренингтері ұйымдастырылып жатыр.

Мамыр айының соңында өңірде халықаралық нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күреске арналған айлық басталды. Бір ай бойы балаларға, жастарға және жас отбасыларға арналған түрлі форматтағы іс-шаралар өтеді. Айлықтың қорытындысы ретінде кең ауқымды акция ұйымдастырылмақ.

Жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында аула футболы, волейбол және баскетбол турнирлері өткізілуде. Сондай-ақ «Тура жол» жобасы аясында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және әлеуметтік қауіптердің алдын алуға бағытталған кездесулер жалғасуда.

Жалпы, айлық аясында жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға, құқықтық мәдениетті арттыруға және зиянды әдеттердің алдын алуға бағытталған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда.