Екібастұзда вокзал маңындағы скверде қайың мен балқарағай көшеттері отырғызылды

Екібастұзда вокзал маңындағы скверде қайың мен балқарағай көшеттері отырғызылды
Фото: облыстық әкімдіктен

Кеншілер қаласында ауқымды көгалдандыру акциясы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарда коммуналдық қызметтер қалың жауған қардың салдарын жоюмен  алысып жатқанда, Екібастұз қаласында күн ашық болды. Бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен экологиялық мәдениетті қалыптастыру және жайлы орта құру мақсатында ұйымдастырылған республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында жоспарланған іс-шараларды өткізуге мүмкіндік берді.

Екібастұз қаласында ауқымды көгалдандыру акциясы өтті. Вокзал маңындағы скверде 300-ден астам қайың мен балқарағай көшеттері отырғызылды. Іс-шараға облыс әкімі Асайын Байханов, қоғамдық және жастар ұйымдарының өкілдері, депутаттар, кәсіпорын қызметкерлері мен Екібастұз қаласының тұрғындары қатысты.

Бұған дейін қалада өнеркәсіптік кәсіпорындардың аумағы мен көшелерде 600 түп ағаш отырғызылған болатын. Жақын арада қала скверлеріне қосымша 130 қарағай мен терек көшетттерін отырғызу жоспарлануда.

Сонымен қатар, санитарлық мақсатта қураған ағаштарды кесу жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі таңда шамамен 5000 түп ағаш кесіліп, апатты жағдайдағы 250 ағаш жойылды.

Өңір басшысы экологияға қамқорлық көрсету бір реттік ғана шара емес, әрбір адамның күнделікті өмірінің бір бөлшегіне айналуы тиіс екенін атап өтті.

– Мұндай іс-шаралар табиғатқа деген қамқорлықтың аясында адамдарды бір арнаға біріктіреді. Біз балаларымыз үшін жасыл болашақ құрып, қалаларымызды жайлы әрі көрікті етеміз, – деді әкім.

Екібастұз қаласында өткен «Таза Қазақстан» акциясы Президенттің тапсырмаларын жүзеге асыруға, сондай-ақ қоғам назарын қоршаған ортаны қорғау мен қалаларды көгалдандыру мәселелеріне аударуға бағытталды.