Павлодарлық студенттер «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысты

Павлодарлық студенттер «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысты
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Іс-шара барысында қатысушылар ұлттық парктің табиғаты туралы мағлұмат алып, тәжірибелік жұмыс ретінде қарағай тұқымдарын отырғызды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметкерлері «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын бастады. Бұл шараға Торайғыров университетінің «Орман ресурстары және орман шаруашылығы» мен «Экология» мамандықтарының 2-3 курс студенттері және оқытушылары белсене қатысты.

– Акция барысында ұлттық парктің қызметкерлері қатысушыларға табиғи қорық туралы маңызды мәліметтер ұсынды. Сонымен қатар, студенттер тәжірибелік жұмыстар жүргізіп, кәдімгі қарағай тұқымдарын арнайы өсіретін стақандарға екті. Экологиялық шараға 40 студент, 3 оқытушы және ұлттық парктің 4 қызметкері қатысып, жалпы саны 47 адамды қамтыды, – деді ұлттық табиғи парктің баспасөз қызметі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл акцияның негізгі мақсаты – жас ұрпақтың экологиялық санасын дамыту, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу және табиғатты қорғау ісіне белсенді араласуға шақыру.