Екібастұзда жер учаскелерін жалдау құқығы аукционға шығарылды
Қала әкімдігі бос жатқан жер учаскелерін пайдалану құқығын сату бойынша электронды аукцион өткізеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Сауда-саттық 30 сәуір күні sauda.e-qazyna.kz порталында ағылшын әдісімен, яғни бағаны көтеру арқылы ұйымдастырылады.
Аукционға екі нысан ұсынылып отыр. Оның біріншісі – Энергетиктер көшесі, 2А мекенжайында орналасқан, ауданы 0,3216 гектар жер телімі. Ол балық шаруашылығын жүргізу үшін 175 593 теңге бастапқы бағамен үш жылға жалға беріледі. Екінші нысан Ақкөл ауылында орналасқан. Ауданы 0,2 гектар болатын бұл жер мал шаруашылығы кешенін салуға арналған, оның бастапқы құны 18 мың теңгені құрайды.
Сауда-саттыққа қатысу үшін порталда алдын ала тіркеліп, электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы өтінім беру қажет. Қатысушылар кепілдік жарнаны аукцион басталғанға дейін кемінде екі сағат бұрын төлеуі тиіс. Төлемді Kaspi немесе Halyk Bank қосымшаларындағы QR-кодтар арқылы онлайн жүргізуге мүмкіндік бар.
Жеңімпаз атанған тұлға сатып алу-сату шартына қол қойғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде соманың жартысын, ал қалған бөлігін бір ай ішінде төлеуге міндетті. Қосымша сұрақтар бойынша Екібастұз қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөліміне 8 (7187) 34-11-14 немесе 34-72-95 телефондары арқылы хабарласуға болады.