Павлодарлық полиция жазғы демалыста балалардың қауіпсіздігіне назар аудартады

Павлодарлық полиция жазғы демалыста балалардың қауіпсіздігіне назар аудартады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жыл басынан бері түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүрген 877 жасөспірім анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті жаз мезгілінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ата-аналарға ұсыныстар берді. Тәртіп сақшылары балалардың кіммен және қайда жүргенін қадағалауды, олардың достарының байланыс нөмірлерін білуді ескертеді. Полиция кәмелетке толмағандардың өмірі мен қауіпсіздігі үшін ата-аналар жауапты екенін еске салады.

Жыл басынан бері түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүрген 877 жасөспірім анықталды. Мысалы, сағат 23:25-те компьютерлік клубта ата-аналарынсыз екі жасөспірім, ал түнгі сағат 00:00-де жазғы кафеде бір жасөспірім ұсталды. Жасөспірімдер полиция бөлімшесіне жеткізіліп, ата-аналары шақыртылды, – деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Сонымен бірге, заңды өкілдерінсіз кәмелетке толмағандарды 22:00-ден кейін мекемеге кіргізген көңіл көтеру орындарының иелері де жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен 30 кәсіпкерге 10-нан 30 АЕК-ке (39 320 теңгеден 117 960 теңгеге) дейін айыппұл салынды.

Полиция балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыратынын хабарлады және күдік туғызатын жағдайларда «102» нөміріне хабарласуды сұрайды.