Екібастұздағы сауда желілерінде маңызды азық-түлік бағалары төмендетілді

Екібастұздағы сауда желілерінде маңызды азық-түлік бағалары төмендетілді

Облыс әкімінің тапсырмасымен «Small» және «Greenwich» сауда желілерімен жұмыс жүргізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Асайын Байханов Екібастұзда жұмыс істейтін «Small» және «Greenwich» желілік супермаркеттерінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тексерді.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Асайын Байханов жергілікті дүкендерде бірыңғай сауда желісі аясында бірдей тауарлардың бағасы негізсіз көтеріліп жатқанын атап өтті. Ондық жұмыртқа Павлодарға қарағанда 110 теңгеге қымбат болды. Сондай-ақ, сүт, жарма, қант, макарон өнімдерінің құны жоғары болды.

- Сауда желілерімен жұмыс жүргізілді. Оларда көкөністердің бағасын төмендетуге қол жеткізілді. Мысалы, пияз бірден 281 теңгеден 161 теңгеге дейін, картоп - 140 теңгеден 124 теңгеге дейін, сәбіз -135 теңгеден 103 теңгеге дейін арзандады. Жеткізілетін жұмыртқаның бағасы ондыққа 630 теңгеден 551 теңгеге дейін төмендетілді. Сондай-ақ, екі сауда желісінде де әлеуметтік нанның бір бөлкесін 95 теңгеден сату қамтамасыз етілді, - деді баспасөз қызметінде.

Екібастұз әкімдігіне қалалық ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде құйылмалы сүтті сатуды ұйымдастыру тапсырылды.

Қалада әлеуметтік маңызы бар тауарларға баға белгілеу үнемі қадағаланып отырады.

Фото: Валерий Бугаев