«EkibastuzFerroAlloys» ферроқорытпа зауытына қалай жұмысқа орналасуға болады?

«EkibastuzFerroAlloys» ферроқорытпа зауытына қалай жұмысқа орналасуға болады?
Фото: Валерий Бугаев

Павлодар облысының әкімі жаңа кәсіпорынның артықшылықтары туралы айтып берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Асайын Байхановтың айтуынша, «EkibastuzFerroAlloys» ферроқорытпа зауытының іске қосылуы – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қойған өңдеуші өнеркәсіпті дамыту және өңірлік өсудің жаңа драйверлерін қалыптастыру жөніндегі міндеттерді жүзеге асырудағы маңызды қадам.

– Инвестиция көлемі – 92 миллиард теңге, ал қуаты жылына 240 мың тонна ферросилицийді құрайды, бұл Қазақстанға саладағы әлемдік көшбасшылар қатарына кіруге мүмкіндік береді. Зауыт өнімі 52 елге экспортталатын болады. Жоғары технологиялы өндірісте көпсатылы тазарту жүйесі орнатылған, газды тазарту деңгейі 99,8 пайызға жетеді. Кәсіпорында 800 жаңа жұмыс орны ашылды, орташа жалақы – 470 мың теңге. Жұмысқа орналасу мәселелері бойынша өңір тұрғындары «EkibastuzFerroAlloys» ЖШС-не +7 708 479 91 76 нөмірі арқылы хабарласа алады, – деп жазды өңір басшысы өзінің Instagram парақшасында.

Әкім осындай жобалар Павлодар облысының экономикалық өсімінің негізі екенін баса айтты.

– Инвестиция тарту және жаңа өндірістерді іске қосу арқылы біз қаржылық дербестікке және өңірдің болашақта донорлық мәртебеге қол жеткізуіне жоспарлы түрде қадам жасап келеміз. Жаңа кәсіпорынға табыс пен өркендеу тілеймін, – деп атап өтті Асайын Байханов.

Еске сала кетейік, 20 қарашада іске қосылған «EkibastuzFerroAlloys» зауыты Орталық Азиядағы ең ірі кәсіпорын болып отыр. Бұған дейін Екібастұзда «Даму» қоры мен Павлодар облысы әкімдігінің қолдауымен қуаты жылына 60 мың тонна өнім шығаратын ферроқорытпа зауыты ашылған болатын.