Ақсуда жаңа бассейн мен жеңіл атлетика манежі салынады
Облыс әкімі құны миллиард теңге тұратын жобаны қолдады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Асайын Байханов Ақсу қаласына барған жұмыс сапары барысында спорт кешенді аралап, жоспарланып жатқан құрылыс жобаларын тыңдады. Қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Кирилл Ефремовтың сөзінше, спорт кешеннің аумағында бассейн салу көзделіп отыр.
– Ені - 16 метр, ал ұзындығы 25 метр болмақ. Олимпиада нормалары бойынша алты жолақ болу тиіс, алайда біз бес жолақты жасаймыз. Қосымша тағы бір жолақты мүмкіндігі шектеулі жандар үшін істейміз. Яғни ғимаратқа кірген кезде барлық қолайлы жағдайлар қарастырылады: пандус пен лифт орнатамыз,– деді бөлім басшысы.
Оның сөзінше, жобаның құны алдын ала болжам бойынша миллиард теңге талап етеді. Эскиздік жоспарда көрсетілгендей, ғимараттың аумағы 2100, ал құрылыс нысанының аумағы 1600 шаршы метр болмақ. Ақсу қаласының әкімі Нұрлан Дүйсембиновтың айтуынша, қаланың басқа шетінде 1973 жылғы ескі бассейн бар.
– Бұл бассейнді халық үшін жасағымыз келеді. Балалар мен мүмкіндігі шектеулі адамдар келіп тұрса екен деп. Негізі бізде волейболшылар, жүзушілер, футболшылар үшін бар жағдайлар жасалған. Ал жеңіл атлетикамен айналысатындар мектептің жертөлесіне баруға мәжбүр. Олар жақсы көрсеткіштерді көрсетіп жатыр. Бассейнді салғаннан кейін, қалада жеңіл атлетика манежін құруды жоспарлап отырмыз,– деді Ақсу қаласының әкімі.
Аймақ басшысы Асайын Байханов бұл жобаның бастамасы жақсы екенін атап өтті.
– Өте жақсы, рационалды идея. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі адамдар тобы үшін. Спорт кешендерін салып жатамыз, алайда оның қолжетімділігін ескеру керек. Лифт пен пандус мәселесін ұмытпау қажет,– деді облыс әкімі. – Жоба жаман емес, қолдау етеміз.
Ақсу қаласының сәулет және қала құрылыс бөлімі жобалау-сметалық құжаттаманы қараша айының ортасында жасайтын болады.