Павлодарда екі ықшам ауданның балалары жаңа мектептердің табалдырығын қашан аттайды?
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру жалғасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Павлодар облысы әкімінің идеология мәселелері жөніндегі орынбасары Айгүл Мәлікова өзінің Instagram парақшасында мәлім етті.
– «Жайлы мектеп» жобасы балаларды заманауи оқу жағдайларымен қамтамасыз етіп қана қоймай, оқушы орындарының жетіспеушілігін де шешуге мүмкіндік береді, – деп жазды ол.
Қазіргі уақытта екі жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде. Атап айтқанда, «Достық» ықшам ауданында 1200 орындық, «Диспетчерский» ықшам ауданында 600 орындық мектеп салынып жатыр.
– Жаңа білім ордалары заманауи техникамен, оқу кабинеттерімен және зертханалармен жабдықталады. Мектеп аумағында балалар футбол алаңында және хоккей кортында спортпен айналыса алады. Осы орайда қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға ерекше назар аударылған. Құрылыс белгіленген кестеге сай жүргізілуде. Біз 2025 жылы балаларымыздың жаңа мектептерде білім алуды бастайтынына үміт артамыз. Осы маңызды жобаны іске асыруға атсалысып жүрген барлық азаматтарға алғыс білдіреміз және қоғам тарапынан одан әрі қолдау күтеміз, – деп атап өтті Айгүл Мәлікова.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, «жайлы мектептер» Қазақстандағы барлық орта білім беру ұйымдарына үлгі бола отырып, үздік тәжірибелерді таратады. Осылайша еліміздегі жалпы білім беретін оқу орындарында білім сапасын кезең-кезеңімен теңестіру жүзеге асырылады.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы балаларға тұратын өңіріне қарамастан, заманауи талаптарға сай жағдайларда сапалы әрі тегін білім алу мүмкіндігін беруді көздейді. Бастама «жайлы мектептердің» материалдық-техникалық базасын жетілдіріп қана қоймай, балалардың шығармашылық және интеллектуалдық қабілеттерін дамытуға қолайлы орта құруға бағытталған.
Айта кету керек, бұл ұлттық жоба Қазақстанның білім беру жүйесі үшін жаңа көкжиектер ашып, әрбір оқушыға толыққанды білім алуға, шығармашылықпен айналысуға және жеке тұлға ретінде дамуға барынша қолайлы жағдай жасайды