Павлодар әкімдігі 2027 жылғы абаттандыру жоспарына ұсыныс қабылдайды

Павлодар әкімдігі 2027 жылғы абаттандыру жоспарына ұсыныс қабылдайды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қала тұрғындары аулалар мен қоғамдық аумақтарды жақсарту бойынша өз ұсыныстарын жолдай алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбековтің мәлімдеуінше, тұрғындар ұсыныстарын әкімнің Instagram парақшасындағы Direct арқылы жолдай алады. Өтініштер мына бағыттар бойынша қабылданады:

- балалар және спорт алаңдарын орнату; 

- аулалар ішіндегі аумақтарды асфальттау; 

- спорт инфрақұрылымын дамыту; 

- тротуарлар мен жаяу жүргіншілер аймақтарын абаттандыру.

Барлық ұсыныс арнайы құрылған комиссияның қарауына беріледі. Оң қорытынды алған нысандар 2027 жылға арналған абаттандыру жұмыстарының жоспарына енгізіледі.

Әкім қала тұрғындарынан ұсыныс жолдаған кезде нысанның нақты мекенжайын және кері байланыс үшін байланыс деректерін көрсетуді сұрады.

— Қаламызды бірге көркейтіп, жайлы ете түсейік, – деді Хасар Хабылбеков.

Еске сала кетейік, биыл Павлодарда 50 жаңа балалар ойын алаңы орнатылып, нәтижесінде аулалардың 98 пайызы абаттандырылады. Қаланың саябақтары мен гүлзарларында әрқайсысының аумағы 500 шаршы метр болатын бес ірі ойын кешені бой көтереді.