Баянауылда тұрғындар тағатсыздана күткен электр желілері жаңартылуда
Осылайша, табиғаты көркем, туристер жиі ат басын бұратын киелі мекенде жарықтың жиі өшуіне нүкте қойылмақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Баянауылдықтар үшін жарық мәселесі әр кезде өзекті болып келді. Әсіресе, Ақсаң, Жалғызқайың және Қаражар ауылдары үшін электр желілерінің жаңартылуы көптен күткен маңызды оқиға еді.
Тұрғындардың уәжіне құлақ асқан билік мәселені оңынан шешуді көздеген. Жауаптылар осы мақсатта атқарылатын жұмысқа білек сыбана кірісіп кетті.
Бүгінгі таңда Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың қолдауымен ауданда электр желілерін салу және жаңғыртуға бағытталған екі ірі жоба жүзеге асырылуда. Жобалардың бірі – Ақсаң ауылдық округінде, екіншісі – Баянауыл ауылында іске асуда. Екі жобаның жалпы құны 2 миллиард 254 миллион теңгені құрайды. Қаражат облыстық бюджеттен бөлінген.
Баянауыл аудан экономиканың нақты сектор бөлімінің басшысы Руслан Махамбетовтың айтуынша, осы жобалар аясында жалпы ұзындығы 55 шақырым болатын электр желілері толық ауыстырылады. Жұмыстарды толықтай мерігер ұйым — «Ramboll Corp» ЖШС атқарады.
Белгілісі бұған дейін Ақсаң ауылдық округінде жеке қосалқы станция болмаған. Электр энергиясы Баянауылдан 52 шақырымдық желі арқылы жеткізіліп келген. Соның салдарынан электр желілері тозып, тұрғындар жылдар бойы кернеудің төмендігі мен электр энергиясының жиі өшуінен қиындық көріп келген.
— Жаңа жоба осы мәселені толық шешуге мүмкіндік береді. Жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін Ақсаң ауылдық округіндегі кернеудің төмендеуі мен электр энергиясының жиі өшу мәселесі толық шешіледі деп күтілуде. Жоба аясында Ақсаң ауылында – 5, Жалғызқайыңда – 3, Қаражарда – 5, сондай-ақ Маяжон фермасында 1 жаңа комплектілі трансформаторлық қосалқы станция (КТП) орнатылады. Осылайша, аталған елді мекендерде барлығы 14 жаңа КТПН іске қосылады, - деді бөлім басшысы.
Руслан Махамбетов қазіргі уақытта нысандардағы жер жұмыстары толық аяқталғанын, жұмыс орнында тұғырлар орнатылып жатқанын атап өтті. Алда электр бағандары бой көтере бастайды. Жобаға қажетті құрылыс материалдары нысандарға толық жеткізілуде. Бүгінде жұмыстардың шамамен 30 пайызы орындалған.
— Жаңа трансформаторлық қосалқы станциялардың қуаттары да әртүрлі болады. Ақсаң, Жалғызқайың және Қаражар ауылдарында КТПН-63, КТПН-100, КТПН-160, КТПН-250 және КТПН-400 үлгілері орнатылады. Бұл трансформаторлар елді мекендердің қазіргі электр энергиясына қажеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған. Ал Баянауыл ауылында 26 КТП орнатылып, 220 метр электр желісі жаңартылады. Бұл жоба да ауылдың барлық аумағын қамтиды, - деді ол.
Жаңғырту жұмыстары Баянауыл, Ақсаң, Жалғызқайың және Қаражар ауылдарының барлық аумағын қамтиды. Нәтижесінде электр желілерінің техникалық жағдайы жақсарып, тұрғындарды тұрақты электр қуатымен қамтамасыз ету мүмкіндігі артады.
Аталған елді мекендерде барлығы 756 адам тұрады. Оның ішінде Ақсаң ауылында – 272, Жалғызқайыңда – 193, Қаражарда – 291 тұрғын бар.
Жобалардың негізгі мақсаты – тозығы жеткен электр желілерін жаңартып, тұрғындарды сапалы әрі тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз ету. Сонымен қатар, жаңа инфрақұрылым елді мекендердің алдағы дамуына қажетті электр қуатына сұранысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Екі жобаны да жыл соңына дейін аяқтау мердігер ұйымға міндеттелді.