Асайын Байханов қысқы жол дайындығын күшейтіп, үш жылдық келісімшарттарға көшуді тапсырды

Асайын Байханов қысқы жол дайындығын күшейтіп, үш жылдық келісімшарттарға көшуді тапсырды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Павлодар облысында қар басып қалу қаупі бар 94 жол учаскесі анықталған. Облыс әкімі аппараттық жиналыста жауапты мекемелерге қардан қорғайтын қалқандарды уақытылы орнатуды, жолдардың жағдайын тексеруді және аудандық маңызы бар жолдарды күтіп-ұстауға үш жылдық келісімшарт жасасуды тапсырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында автомобиль жолдарын қысқы кезеңге дайындау жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл туралы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қанат Қашкиров баяндады. Өңір басшысы Асайын Байханов қыс басталғанға дейін бірқатар мәселені толық шешуді және жолдардың қысқы күтімін ерекше бақылауда ұстауды міндеттеді.

Қанат Қашкировтың мәліметінше, жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 3 852 шақырымды құрайды. Оларды күтіп-ұстауға 2,3 миллиард теңге бөлінген. Оның ішінде облыстық маңызы бар жолдарға 1,6 миллиард теңге, аудандық жолдарға 752 миллион теңге қарастырылған.

– Қыс мезгілінде қауіпсіз әрі үздіксіз қозғалысты қамтамасыз ету үшін басқарма мен қала және аудан әкімдіктері 36 мердігер ұйыммен шарт жасасты. Мердігерлер 10 мың тоннаға жуық көктайғаққа қарсы материал мен 658 тонна жанар-жағармай дайындады. Бұл жанар-жағармайға деген қажеттілікті толық қамтамасыз етеді. Сондай-ақ жолдарды күтіп-ұстауға 334 арнайы техника жұмылдырылады. Оның 101-і облыстық, 233-і аудандық маңызы бар жолдарға қызмет көрсетеді, – деді басқарма басшысы.

Қысқа дайындық аясында жол жиектері мен еңістердегі шөп төрт рет шабылып, 19 100 шақырымдық жұмыс жүрісі орындалған. Асфальтбетон жабынының 9 320 шаршы метрі жөнделіп, 2 100 шақырым жолға таңба салынған. Сонымен қатар, 1 000 шақырым жолдың жүріс бөлігі тегістеліп, 7 200 шақырым бойы жол жиектері жоспарланған. Жалпы аумағы 197 мың шаршы метр жердегі бұталар түбірімен қопарылған.

Өңірде су өткізу құбырларын жабу жұмыстары да жалғасып жатыр. Жоспарланған 693 құбырдың 518-і жабылған, бұл атқырылған жұмыстың 75 пайызына тең. Қалған жұмыс 20 қазанға дейін аяқталуы тиіс.

Қанат Қашкиров жазғы-күзгі кезеңде атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қар басып қалу қаупі бар жол учаскелерінің саны 115-тен 94-ке дейін азайғанын атап өтті. Олардың жалпы ұзындығы 270 шақырымнан 244 шақырымға қысқарған.

– Облыстық маңызы бар жолдарда осындай 11 учаске бар. Олардың ұзындығы — 38 шақырым. Ал аудандық жолдарда қар басып қалу қаупі бар 83 учаске анықталған, жалпы ұзындығы – 206 шақырым. Қазір облыстық және аудандық жолдарға арналған ағаш қалқандарды дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоспар бойынша олардың жалпы ұзындығы 2 700 погон метрді құрайды. Оның 1 000 погон метрі облыстық, 1 700 погон метрі аудандық жолдарға арналған, – деді ол. 

Жалпы жергілікті маңызы бар жолдарда 11,7 мың погон метр қардан қорғайтын қалқан бар. Облыстық жолдардағы қалқандардың ұзындығы — 9 710 погон метр. Оның 6 760 погон метрі ағаштан, 2 950 погон метрі бетоннан жасалған. Аудандық жолдарда 1 994 погон метр ағаш қалқан орнатылған. Олар Шарбақты, Успен және Ақтоғай аудандарында орналасқан.

Жиында аудандық маңызы бар жолдарды күтіп-ұстауға жасалған келісімшарттардың мерзімі де талқыланды. Қанат Қашкировтың айтуынша, Ақсу қаласы, Аққулы және Шарбақты аудандарынан басқа қала мен аудан әкімдіктері үш жылдық келісімшарттар жасасқан. Аталған үш әкімдік әзірге бір жылдық шарттармен жұмыс істеп отыр.

Шарбақты ауданының әкімі Сержан Иманқұлов ауданаралық жолдарды күтіп-ұстауға арналған қолданыстағы бір жылдық шарттың мерзімі жыл соңында аяқталатынын айтты. Оның сөзінше, жыл соңына дейін конкурстық рәсімдер өткізіліп, үш жылдық келісімшарт жасалатынын жеткізді. Өз кезегінде Қанат Қашкиров өтпелі кезеңде қолданыстағы шартты ұзартуға мүмкіндік бар екенін түсіндіріп, үш жылдық келісімшарттарды уақытында жасасуды бақылауға алатынын айтты.

– Ешқандай аудан мен қала келісімшартсыз қалмауы керек. Бұл мәселені толық бақылауда ұстаңыздар, – деді облыс әкімі. 

Асайын Байханов Ақсу қаласы, Аққулы және Шарбақты аудандарының әкімдеріне үш жылдық келісімшарттарға көшуді тапсырды. Ол жолдарды күтіп-ұстау мәселесі толық бақылауда болуы керектігін атап өтті.

Жиында қардан қорғайтын қалқандарды қай учаскелерге және қай мерзімде орнату керектігі де талқыланды. Қанат Қашкиров облыстық маңызы бар жолдардағы 11 қауіпті учаскеде тиісті жұмыстар жүргізілетінін айтты. Оның мәліметінше, облыстық жолдарға арналған 9 710 погон метр қалқан дайындалған.

Асайын Байханов қалқандарды қар жауғаннан кейін емес, қыс басталғанға дейін орнатуды талап етті. Қанат Қашкиров жұмыстарды қараша айында толық аяқтауға уәде берді.

Ал аудандық маңызы бар жолдардағы 83 қауіпті учаскеде жағдай әртүрлі. Басқарма басшысының мәліметінше, Шарбақты, Успен және Ақтоғай аудандарында қалқандарды дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өзге аудандарда бұл бағыттағы жұмыс әлі басталмағаны айтылды.

Облыс әкімі жауапты тұлғалардан жұмыстың не себепті барлық ауданда бірдей жүргізілмей жатқанын сұрап, қар басып қалу қаупі бар учаскелерге қажетті қорғаныс шараларын уақытында ұйымдастыруды тапсырды. Қалқандар орнатумен қатар, жолдарда кемінде үш қатар қар жалын жасау көзделген.

Асайын Байханов Екібастұз бен Майқайың арасындағы жолдың екі учаскесінде қар жиі жиналатынын айтып, сол аумақтардағы қардан қорғайтын құрылыстардың жай-күйіне назар аударды. Бұған дейін бұл жерлерде бетон қалқандар орнатылғаны айтылды.

Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Ксентаев аудан аумағындағы жолдардың жағдайы басқармамен бірлесіп бақыланатынын жеткізді. Аймақ басшысы тексерулерді қағаз жүзінде ғана жүргізбей, жолдардың нақты жағдайын барып көру қажеттігін ескертті. Оның айтуынша, қар мен көктайғақ түскеннен кейін мәселенің күрделенуіне жол бермеу керек, өйткені оның зардабын ең алдымен тұрғындар тартады.

Асайын Байханов қысқы кезеңге дайындық жұмыстарын бақылауда ұстауды, қардан қорғайтын қалқандарды уақытында орнатуды, жолдардың қауіпті учаскелерін тексеруді және аудандық маңызы бар жолдарды күтіп-ұстауға үш жылдық келісімшарттар жасасуды тапсырды.