Павлодар балабақшаларында мың бос орын бар
![Павлодар балабақшаларында мың бос орын бар](https://pavlodarnews.kz/uploads/images/202311/image_750x_655d9961f36d1.jpg)
Қалалық білім бөлімі халықты кезекке тұруға шақыруда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалада 17 мың балаға арналған 85 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, оның ішінде 73-і – мемлекеттік, екеуі – шағын орталық және оны – жеке меншік балабақша.
Қазіргі таңда павлодарлық балабақшаларда мың бос орын бар. Химқалашық шағын ауданында бірнеше балабақша болғандықтан, бос орын көп. Ал Кенжекөл ауылы, Атамекен және Павлодар қаласында Ворушин көшесінде балалардың саны мектепке дейінгі мекемелердің орын санынан артық.
Қала бойынша жеті мың бала кезекте тұр.
– Кейбір ата-аналар балалары әлі кішкентай, дайын емес деген оймен балабақшаға апармайды. Ал осы жеті мыңның үш мыңы стоп-парақшада тұр, өйткені ата-аналары болашақта балалары қай балабақшаға баратынын белгілемей отыр. Кейбір ата-аналары жолдама алып, 1414-тен келген SMS-ты байқамай қалады, сондықтан баласы он күнге стоп-парақшаға жіберіледі, – дейді білім беру бөлімінің бас маманы Құралай Күзеева.
Мектепке дейінгі мекемелерде 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалар қамтылады. Сол себептен 1 және 2 жастағы балаларға көбірек орын беріледі. Кішкентай бүлдіршіндердің ата-аналары көбінесе ерте жаста балаларын балабақшаға бергісі келмейді.
Құралай Күзееваның айтуынша, 2024 жылы мемлекеттік қызмет көрсетудің кейбір ережелері өзгерді.
– Бұрын ерте брондау болған. Орындар жариялағанда ата-аналар белгілі бір балабақшаға алдын ала жолдама ала алатын. Бірақ енді мұндай функция жоқ, – дейді маман.
Құралай Күзеева осы сәтті пайдалана отырып, ата-аналардың көптеген шағымдарына жауап берді.
– Көшу себептеріне байланысты балабақша ауыстырғысы келетіндер көп. Бізде балаларды балабақшадан балабақшаға көшіру функциясы жоқ. Мекемелерді ауыстыру үшін алдымен мекемеден шығарылып, содан кейін қайтадан кезекке тұрып, жолдаманы күту керек. Бұл көп уақытты қажет етеді, – деп түсіндірді спикер.
Айта кетерлігі, бұл қызметтердің барлығы indigo24.kz жүйесінде көрсетіледі. Заңды өкілдер немесе ата-аналар кезекке тұрмас бұрын өтінішті толтыруы керек. Қандай да бір төтенше немесе артықшылықтар болса, оларды көрсету маңызды.
Жолдама ата-ананың нөміріне 1414 хабарламасы арқылы жіберіледі, SMS-ке екі күн ішінде жауап беру керек, әйтпесе бала уақытша стоп-парақшаға қойылады.