BabySkills, Abilympics және JuniorSkills: Ақсуда жастардың шеберлік сайысы өтті

Жасөспірімдер мен балаларға арналған байқауға мектеп оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілері қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ақсу қаласының мектеп оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілері кәсіби шеберлікке алғашқы қадам жасады. Жаяу Мұса атындағы Ақсу жоғары көпсалалы колледжі базасында WorldSkills қозғалысының BabySkills, Abilympics және JuniorSkills бағыттары бойынша чемпионаттар бастау алды.
Ауқымды шараға Ақсу қаласынан 35 жас сайыскер қатысты. Олардың қатарында 29 мектеп оқушысы мен балабақша тәрбиеленушілері бар.
– Байқауға келген әр қатысушы - жеңімпаз! Себебі, болашақ мамандыққа алғашқы қадам жасап отырсыңдар, – деп атап өтті колледж басшысы Алма Айтуарова. – Сіздер өз шеберліктеріңізді көрсетіп, биік белестерді бағындыра аласыздар деп сенеміз.
WorldSkills – халықаралық деңгейдегі кәсіби дайындық стандарттарын ілгерілетуге бағытталған жаһандық қозғалыс. Оның BabySkills, Abilympics және JuniorSkills секілді балалар мен жасөспірімдерге арналған бағыттары жастардың ерте жастан кәсіби ортаға бейімделуіне ықпал етеді.
BabySkills бағыты бойынша «Алғашқы қадамдар академиясы» құзыреттілігі аясында №18 сәбилер бақшасының мектепалды тобының тәрбиеленушілері бақтарын сынады. Олар үш модульден тұратын тапсырмаларды орындады: тәрбиеші мамандығы туралы теориялық сұрақтар, таңғы жаттығуды ұйымдастыру және ертегі сахналау. Кішкентай қатысушылар шығармашылық қабілеттерін жан-жақты көрсетіп, белсенділік танытты.
Abilympics бағыты ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған. Байқауға Ақсу кентіндегі №3 арнайы мектеп-интернатының 10-сынып оқушылары қатысты. Олар «Болашақ қаласы» құзыреттілігі бойынша макеттер әзірлеп, тұрғын үйлер, саябақтар мен гүлзарлар бейнеленген жобалар жасады. Бұл бағыт тек шығармашылық емес, құрылысшы мамандығына алғашқы қадам ретінде де бағаланды.
JuniorSkills байқауында Ақсу қаласының жоғары сынып оқушылары «Би пластикасы» құзыреттілігі бойынша өз өнерлерін паш етті. Қатысушылар авторлық қойылымдар арқылы әртүрлі бейнелерді (нәзік аққудан бастап, сиқырлы әлемнің кейіпкерлеріне дейін) сахнада әсерлі жеткізе білді. Сезім мен қиялға толы бұл қойылымдар көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Чемпионат барысында барлық қатысушылар жоғары дайындық деңгейін, білімге деген құштарлық пен өздеріне деген сенімділікті көрсете алды.
Сарапшылардың пікірінше, Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясындағы мұндай іс-шаралар өскелең ұрпақты кәсіби бағдарлауға, шығармашылық ойлауға және өз болашағына сеніммен қарауға үлкен септігін тигізеді.