Екібастұздық жас құтқарушылар республикалық слетте жүлдеге ие болды

Екібастұздық жас құтқарушылар республикалық слетте жүлдеге ие болды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңір командасы елдің үздік алты құрамасының қатарына енді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, Көкшетауда өткен «Жас құтқарушы – 2026» республикалық слетінде Павлодар облысының намысын Екібастұз қаласының жас құтқарушылар командасы қорғады.

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі ұйымдастырған додаға еліміздің барлық өңірінен келген 16 үздік команда қатысты.

Жарыс қорытындысы бойынша екібастұздықтар «Техногендік авария аймағындағы авариялық-құтқару жұмыстары» кезеңінде екінші орын алды.

Жалпыкомандалық есепте Павлодар облысының құрамасы 16 команданың арасында алтыншы орынға тұрақтап, республиканың үздік командаларының қатарына енді.

Слет барысында қатысушылар төтенше жағдайларда әрекет ету, авариялық-құтқару жұмыстары, саптық және практикалық дайындық бойынша бақ сынады.