Екібастұзда жеңілдікпен жүретіндер қатары көбеюі мүмкін

Екібастұзда жеңілдікпен жүретіндер қатары көбеюі мүмкін
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қазір бұл құқыққа 15 700 қала тұрғыны ие, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қалалық қоғамдық көлікте 50 пайыздық жеңілдікпен зейнеткерлер мен үшінші топтағы мүгедектігі бар азаматтар жүре алады. Олар жеңілдік құқығын растайтын құжатпен жүруі тиіс. Ал тегін жол жүру құқығы – мүгедектігі бар балаларға, бірінші және екінші топтағы мүгедектерге, ҰОС ардагерлері мен оларға теңестірілгендерге, өзге мемлекеттерде соғыс қимылдарына қатысқан ардагерлерге, КСРО-ның бұрынғы марапат иегерлеріне, Чернобыль апатын жоюшыларға, көпбалалы аналар мен отбасыларға, сондай-ақ оқушыларға беріледі. Бұл санаттағы тұрғындар өзімен бірге әлеуметтік картасын алып жүруі қажет.

Енді қалалық қоғамдық кеңес жеңілдікті пайдаланушылардың тізімін тағы үш санатпен толықтыруды ұсынды.

– «Ерекше балалар ата-аналары одағы» балалар мен ересектерді алып жүретін адамдарды қосу туралы өтініш білдірді. Мұндай жандар көлікте, медицина мекемелерінде және басқа жерлерде міндетті түрде ілесіп жүруі керек. Бұл, әсіресе ерекше балалар тәрбиелеп отырған отбасылардың өмірін айтарлықтай жеңілдетеді, – деді қала әкімдігінде.

Сонымен қатар, жеңілдік алушылар қатарына ядролық сынақ полигонынан зардап шеккендер және қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің пробация қызметкерлері қосылуы мүмкін. Осылайша жеңілдікпен жүретіндер қатары тағы шамамен екі мың адамға артады.

Қорытынды шешімді қалалық мәслихат депутаттары қабылдайды.