Павлодар облысына қоныс аударушылар мен қандастардың 30% астам жұмысқа орналасқан

Павлодар облысына қоныс аударушылар мен қандастардың 30% астам жұмысқа орналасқан
Фото: ӨКҚ

Өңірге қоныстанған қандастар мен қоныс аударушылардың саны 2700-ден асады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарманың басшысы Альмира Дисюпова мәлім етті.  

– Бүгінгі таңда облысымызға жыл басынан бері келген қандастардың саны – 802 адам. Ал оңтүстіктен қоныс аударған тұрғындардың саны 1902 адамды құрайды. Қоныс аударғандардың ішінде 1661 адам жұмыс істеуге қабілетті. Олардың ішінде 880 қоныс аударушы жұмыспен қамтылды, – дейді Альмира Дисюпова. 

Спикер қандастар мен оңтүстік өңірлерден көшіп келген тұрғындарға арнайы жобалар қарастырылғанын еске салып өтті.

–  Оларға экономикалық ұтқырлық сертификатын алуға болады.  Экономикалық ұтқырлық сертификаты отбасыға тұрғын үй құнының 50% мөлшерінде, бірақ 1160 АЕК-нен аспайтын мөлшерде беріледі. Жыл басынан бері 248 отбасы экономикалық ұтқырлық сертификатын алды, – деді Альмира Дисюпова. 

Еске сала кетейік, ең көп қандастардың саны Моңғолиядан келген. Екінші орында Ресейден келген, үшінші орынды Қытайдан келген қандастар тұр. Ал Ауғаныстаннан елінен келгендердің саны – небәрі бес адам.