Екібастұзда өрт шыққан тұрғын үйден үш бала құтқарылды
Оларды анасымен бірге өрт шыққан пәтерден баспалдақпен түсірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Екібастұз қаласының ТЖБ-ның баспасөз қызметінің хабарлауынша, 23 қарашада 17:08-де 6-ӨСБ пультіне Королев көшесі, 84 мекенжайы бойынша пәтерден түтін шыққаны туралы хабарлама келіп түсті.
– Бес қабатты тұрғын үйдің 1-қабаттағы 3 бөлмелі пәтердің ас бөлмесінде жалпы ауданы бес шаршы метр жерде заттар мен жиһаз, тұрмыстық техниканың жануы, керме төбенің еріп жатқаны анықталды,– деді басқармада.
Өртену салдарынан көрші пәтерлер мен подъезд түтіндеп кеткен. 6-ӨСБ қарауыл бастығы, азаматтық қорғау лейтенанты Мерхан Балтабеков және 2-ӨСБ бөлімшесінің командирі, азаматтық қорғау старшинасы Асылхан Сартымбековтың тәжірибесі мен кәсібилігінің арқасында пәтерден терезе арқылы баспалдақпен үш бала-5 ай, 1.7 және 4 жас және олардың анасы құтқарылды.