Екібастұздықтар әкімінен айырылып қалудан қорқады
Қалалықтар әкім сайлауы қашан өтетінін сұрады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі Асайын Байханов Екібастұзға жұмыс сапары барысында шахтерлер қаласының тұрғындарымен кездесті. Тұрғындар өз әкімдері Аян Бейсекинді «еңбекқор» деп бағалап, оның қызметтен кететіні жайлы сыбыстардың расталуынан қауіптенетінін білдірді. Әкім сайлауы туралы сұраққа Асайын Байханов жауап берді.
– Алдағы үш күнде сайлау болмайтыны анық, – деді облыс басшысы. – Жауапты қызметте жүрген әрбір адам өзінің сол орында он жыл жұмыс істейтініне сенімді бола алмайды – бізде ондай құқық жоқ. Әрине, мұндай сыбыстар ара-тұра пайда болып тұрады. Жалпы, облыс қалалары мен аудандарының әкімдері өз жұмыстарын жаман атқарып жатқан жоқ, бұл тек Аян Уахитұлына ғана қатысты емес. Басты міндет – азаматтардың әл-ауқатын қамтамасыз ету. Бірақ әкімдер барлығына жауапты болғандықтан, жүктеме өте ауыр. Уақыт өте келе бұл шаршауға алып келеді.
Асайын Байханов Мемлекет басшысының ұсынысы бойынша әкімдерді сайлау үрдісі болашақта әкімшілік маңызы жоғарырақ аумақтарды қамтитынын еске салды. Келесі жылдан бастап облыстық маңызы бар қалалар мен аудандар әкімдерін сайлау енгізіледі.
– Екібастұзда сайлау өтеді, бірақ оның нақты қашан болатынын айта алмаймын. Егер білсем, біртүрлі болар еді. Вакансия пайда болған кезде ғана сайлау өтеді, – деді Асайын Байханов.
Еске сала кетейік, елдегі саяси реформалар 2021 жылы ауылдық округ әкімдерін сайлаудан басталды. Павлодар облысында 99 ауылдық округте сайлау өтіп, 46 елді мекенде алғаш рет әкімдер сайланды. Кейін Ақтоғай, Железин және Шарбақты аудандары әкімдерінің сайлауы ұйымдастырылды.