Музыкалық «терапия» павлодарлықты жауапкершіліктен құтқармады
Павлодарда түн ортасында қатты музыка қойған тұрғынға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Оқиға облыс орталығындағы Амангелді көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінде түнгі сағат 02:20 шамасында болған. Тұрғындардың айтуынша, көрші пәтерден шыққан қатты музыка олардың тынығуына кедергі келтірген. Алғашында тұрғындар мәселені өзара келісім арқылы шешуге тырысқан. Алайда ескертулер нәтиже бермеген соң, олар полиция қызметкерлерін шақыруға мәжбүр болды.
Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары ер адамның сүйіктісімен жанжалдасып қалғанын анықтаған. Оның айтуынша, көңіл күйін басу үшін музыка тыңдаған. Бірақ бұл жағдай жауапкершіліктен босатпады.
Павлодар облысы полиция басқармасының хабарлауынша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай құқықбұзышулық үшін 5 АЕК көлемінде айппұл қарастырылған. Егер құқықбұзушылық бір жыл ішінде қайта тіркелсе, айыппұл көлемі 10 АЕК-ке дейін ұлғаяды.
Жыл басынан бері Павлодар облысында түнгі тыныштықты бұзған 1832 адам жауапкершілікке тартылған.
Мамандар тұрғындарға көпқабатты үйлерде көршілердің тыныштығын сақтаудың маңызын еске салады. Айта кетейік, тұрғын үйлерде тыныштық режимі жұмыс күндері сағат 22:00-ден 09:00-ге дейін, ал демалыс және мереке күндері 23:00-ден 10:00-ге дейін сақталуы тиіс.
Полиция өңір тұрғындарын қоғамдық тәртіпті сақтауға және көршілермен өзара сыйластық қарым-қатынасты бұзбауға шақырады.
Аққу Самсен