Павлодар облысында рұқсатсыз патрон алып жүрген жүргізушіге айыппұл салынды

Павлодар облысында рұқсатсыз патрон алып жүрген жүргізушіге айыппұл салынды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Сот 12 калибрлі төрт аңшылық патронын тәркіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Успен аудандық соты өңір тұрғынына қатысты әкімшілік істі қарады. Ол 2026 жылғы 21 қаңтарда жеке автокөлігімен мемлекеттік шекараны кесіп өту үшін «Найза» шекара бақылау бөліміне келген.

«Chevrolet Niva» автокөлігін тексеру барысында жүк салғышынан 12 калибрлі төрт аңшылық патроны табылған. Анықталғандай, азамат оларды рұқсат құжаттарынсыз заңсыз сақтап, тасымалдаған, – деді аудандық соттың баспасөз қызметі.

Сот отырысында құқық бұзушы өз кінәсін толық мойындап, патрондарды сақтауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасына әкелуге және алып шығуға рұқсат құжаттарының болмағанын түсіндірді.

Сот оны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 482-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, патрондарды тәркілей отырып 60 550 теңге көлемінде айыппұл салды.

Сот қаулысы заңды күшіне енді.