Павлодарлықтар қауіпсіздігін қорғаушылар өмірінен бір күн
Ұлттық ұлан жауынгерлері күнделікті өмірі неден тұрады? Бұл туралы @Pavlodarnews.kz тілшісінің материалынан оқыңыз.
ҚР ұлттық ұланы «Шығыс» Өңірлік қолбасшылығының 5512 әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары майор Арман Әбдірасуловтың сөзіне қарағанда, дүйсенбі және сейсенбі күні сарбаздар жауынгерлік даярлық күнінің жоспары бойынша айналысады, таңертеңгі сағат 06.00-де ұйқыдан тұрады, содан кейін таңғы дене шынықтыру жаттығуларымен айналысады.
- Сағат 07.00-де сарбаздар таңертеңгі тексеруге шығады. Тексерістен кейін бөлімнің сарбаздық асханасында таңғы астарын ішеді. Ауқаттанып алғаннан кейін саптық даярлықпен айналысады, ақпараттық сағат, яғни еліміздегі және әлемдегі жаңалықтар, Ұлттық ұланға қарасты әскери бөлімдердегі жағдай,ж ауынгерлік қызмет атқарудың озық үлгілері жеткізіледі. Кейін сабаққа таратылады: қызметтік-жауынгерлік қолдану тактикасы бойынша сабақтар өткізіледі, - дейді Арман Әбдірасулов.
Түскі астан кейін жауынгерлер қару-жарақты тазалап, техникаға қызмет көрсетеді. Сағат 14.50 жауынгерлік есеп. Сағат 15.00-ден бастап бөліністер бойынша кезекпен моншаға түседі. Медициналық тексеріс, арыз-шағымның денеде жарақаттың бар-жоғын тексеру. 18.00-де тәрбие жұмысы. Жеке қажеттіліктеріне арналған уақыт. 19.00-де кешкі ас. 21.00-де теледидардан жаңалықтармен танысы уақыты. 21.30-да кешкі серуен. 21.40-та кешкі тексеру, жеке уақыттары. 22.00-де ұйқыға жату.
Ертеңіне сәрсенбі мен сенбі күндері аралығында Ұлттық ұлан сарбаздары Павлодар қаласында қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша жауынгерлік қызметке шығады. Қызмет күндері сарбаздар ұйқыдан 09.00-де тұрады, жеке қажеттіліктеріне арналған уақыт,таңғы дене шынықтыру жаттығуларымен айналысады, таңертеңгі тексеру, ақпараттандыру, сағат 10.00-де таңғы ас,астан кейін түске дейін сабақтар,12.50 медициналық тексеру, яғни денсаулыққа арыз-шағым бар жоқтығын тексеру, сағат 13.00-ден бастап жауынгерлік қызметке жабдықтарды,оның ішінде киім үлгісін алу және дайындау. 14:00-де түскі ас.
- Түскі астан соң тәрбие жұмысы, нұсқаулық сабақтар өткізіледі. Мұнда маршрут ерекшелігі, бақылау нүктесі, жауынгерлік қызметте неге тыйым салынады, тәртіп бұзушыларды ұстау тәртібі, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің баптары жеткізіледі. Содан соң жауынгерлік есеп, кім қандай бағдарға барады, әскери жасақша бастығы, әскери жасақшалар бойынша кезекшінің міндеті және басқа да мәселелер пысықталады. Сағат 16.00-ден бастап жауынгерлік қызметке шығуға бұйрық беріледі, жеке құрам Полиция департаментінің патрульдік-полиция батальонына шығады, онда әскери жасақшалар қызметке таратылады, - дейді 5512 әскери бөлім командирінің орынбасары.
Шаһар көшелеріндегі жауынгерлік қызмет сағат 17.00-де басталады. Сарбаздар күннің ыстық-суығына қарамай, түнгі 23:00-ге дейін далада жүріп тұрғындардың тыныштығын қорғайды. Қызмет аяқталғаннан соң 23:30-да әскери бөлімшеге оралғаннан соң жауынгерлер кешкі асын ішіп, жабдықтарын тапсырады. Кешкі тексерістен соң сарбаздар жуынып-шайынып түнгі 01.00-де ұйқыға жатады.
Жексенбі күні сарбаздар демалыс күнінің жоспары бойынша айналысады: таңертеңгі сағат 09.00-де ұйқыдан тұрады. Сағат 09.40-та таңғы астарын ішеді. Сағат 11.00-ден бастап 15.00-ге дейін демалыс күнінің жоспарына сәйкес айналысады. Мәселен, хат жазу, ата-анасына хабарласу, тренингтер, музей, кинотеатрларға шығу. Рұқсат берген жағдайда сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін қалаға серуендеуге шығады. Сағат 15.00-де түстенеді. 16.00-ден бастап жеке құрамның моншада жуынуы. 19.00 кешкі ас. 20.00-де жеке қажеттіліктеріне арналған уақыт, киім үлгісін дайындау. 21.00 телеарнажағы жаңалықтармен танысу. 21.30-да кешкі серуен, 21.40 кешкі тексеріс.22.00-де ұйқыға жату.
- Біздер үшін Отан қорғаушылар күні ел қамын жеген ата-бабаларымыздың даңқты жолы мен өскелең ұрпақтың туған елге қызмет ету дәстүрін тоғыстыратын мерекелердің бірі, сондай-ақ батылдық пен ерліктің, Отанға деген сүйіспеншілік пен адалдықтың өлшемі болып табылады, - дейді Арман Әбдірасулов.
Бөлімнің аумағында Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты іс-шара өткізіледі. Бөлімнің жеке құрамы әскери бөлімнің саптық алаңында салтанатты киім нысанымен сап түзейді. Бөлім командирі жеке құрамды айтулы мерекемен құттықтайды. ҚР Мемлекеттік Әнұраны шырқалады. Мерекелік жеделхаттар мен бұйрықтар жеткізіледі.
Шара барысында қызметтік-жауынгерлік әрекетте жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген, лауазымдық міндеттерін адал және ынталы орындаған әскери қызметшілер мақтау қағаздарымен, төс белгілермен марапатталады. Сарбаздардың туған жеріне, яғни ата-анасына әскери борышын үлгілі орындағаны туралы хат жіберіледі. Шара салтанатты шерумен аяқталады.