Екібастұздың бас құтқарушысы ширек ғасырлық қызметін аяқтады

Екібастұздың бас құтқарушысы ширек ғасырлық қызметін аяқтады
Фото: Павлодар облысының төтенше жағдайлар департаменті

Азаматтық қорғау полковнигі құрметті еңбек демалысына шығуына орай қызметтік Тумен қоштасты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Екібастұз қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығын салтанатты түрде зейнетке шығарып салды.

Асхат Құсайынов өмірінің 25 жылын азаматтық қорғау саласына арнаған. Оның кәсіби жолы 2001 жылы М. Ғабдуллин атындағы Көкшетау техникалық азаматтық қорғау институтынан басталды.

Оқу орнын тәмамдаған соң Ақмола облысының Целиноград ауданында төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік бақылау және қадағалау бөлімінде инженер болып еңбек етті. Кейін түрлі басшылық қызметтерді атқарып, еңбек жолын Екібастұз қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы лауазымында аяқтады.

Шығарып салу рәсімінде полковник қызметтік Тумен қоштасты. Әріптестері оның азаматтық қорғау саласына сіңірген еңбегін атап, ширек ғасырлық қызметі үшін алғыс білдірді.