Павлодарда көшеде мас болып жүрген жасөспірім үшін ата-анасы 100 мың теңге төледі
Оның мұндай халде жүргенін сағат 03.10-да Естай көшесінде полиция байқаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жасөспірім неліктен мұндай кеш уақытта көшеде мас күйінде жүргенін ол түсіндіре алмаған. Әңгімелесу кезінде өзін дұрыс ұстамаған, полиция қызметкерлеріне қатысты дөрекі сөз сөйлеген.
– Бірінші кезекте полиция бөліміне ата-анасы шақырылды. Медициналық куәландыру жүргізілді, оған сәйкес кәмелетке толмаған адам алкогольдік масаңдықтың орташа дәрежесінде болды. Нәтижесінде ұлының қоғамдық жерде мас күйінде пайда болуы, ұсақ бұзақылық жасағаны, кәмелетке толмаған баланың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта үйден тыс жерде болуы, сондай-ақ баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін ата-аналар әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – дейді департаментте.
Материалдар сотта қаралып, жалпы сомасы 100 мың теңгеден астам айыппұл салынды.
Полиция бұл жасөспірімнің бұған дейін де биыл ұсақ бұзақылық жасағаны және мас күйінде пайда болғаны үшін полицияға жеткізілгенін атап өтті. Содан кейін жасөспірімнің заңды өкілдері жауапқа тартылған. Профилактикалық әңгімеден кейін ата-анасы мен жасөспірімнің заңнаманы бұзбауға уәде берген, дегенмен уәдесінде тұрмаған.
Айта кетерлігі, құқықтық тәртіп сақшылары ағымдағы жылы өңірде кәмелетке толмаған балаларының мас күйінде пайда болғаны үшін 82 ата-ана және 14 пен 16 жас аралығындағы кәмелетке толмаған балаларының ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 39 ата-ана жазаланған.