Шарбақты ауданында заңсыз кесілген шыршаларды анықтау мақсатында көліктер тексерілді
Өңірде жаңа жыл қарсаңында қылқан жапырақты ағаштардың жас өскіндерін қорғау шаралары күшейтілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ертіс орманы» мемлекеттік табиғи резерватының қызметкерлері облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Қадырболат Мұсағалиевпен, сондай-ақ Шарбақты ауданы полиция бөлімінің табиғатты қорғау полициясының өкілдерімен бірлесіп, қылқан жапырақты ағаштарды қорғау бойынша рейдке шықты.
Қазіргі уақытта табиғи резерват аумағында орманды тәулік бойы күзету үшін үш стационарлық бекет жұмыс істейді. Сонымен қатар JAC T6 автокөліктерімен жабдықталған 19 мобильді топ құрылған.
Рейд барысында аудан аумағында және оған іргелес орман алқаптарында қозғалған автокөліктерге ерекше назар аударылды. Барлығы 20-дан астам көлік тексерілді. Заңсыз қылқан жапырақты ағаштарды тасымалдау немесе өзге де құқықбұзушылықтар анықталған жоқ.
Профилактикалық іс-шаралар жалғасуда. Орман қорғау қызметінің мамандары мен полиция қызметкерлері өңір тұрғындарын заң талаптарын сақтауға және табиғатқа ұқыпты қарауға шақырады.