Павлодар кәсіпорындарында нөлдік жарақаттану тұжырымдамасы енгізілді
Бұл тәсілді өңірдегі ондаған компания қолдануда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасында 2024–2030 жылдарға арналған қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы аясында Павлодар облысында өндірістік жарақаттануды төмендету бойынша жүйелі жұмыс жалғасуда. Негізгі басымдық профилактикаға, цифрлық мониторингке және жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыруға берілген.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Абылай Сабыровтың айтуынша, кәсіпорындардың едәуір бөлігі еңбекті қорғаудың заманауи тәсілдерін енгізіп жатыр.
– Бүгінгі күні облыстың 40 кәсіпорны «Нөлдік жарақаттану – Vision Zero» тұжырымдамасын қолдануда, оның жетеуі биылғы жылдың басынан бері қосылды, – деді Абылай Сабыров.
Сарапшылардың айтуынша, бұл жүйе бірден нәтиже бермейді, ол кезең-кезеңімен және кешенді түрде жүзеге асады.
– Кәсіпорындар «Нөлдік жарақаттану – Vision Zero» жүйесін енгізіп, оны ұстануы тиіс. Алайда жарақаттанудың азаюы бірден байқалмайды – бұл жүйелі шаралар мен барлық деңгейде талаптарды сақтаудың нәтижесі, – деп түсіндірді департамент басшысының орынбасары.
Өңірде бұдан бөлек «Халықтық бақылау» жобасы жүзеге асырылуда, оған 22 кәсіпорын қатысуда. Жоба аясында еңбек жағдайларын ішкі бақылауға бұрын өндірісте жарақат алған қызметкерлер тартылған. Ведомство өкілдерінің пікірінше, мұндай тәсіл тәжірибелік білімді ескеріп, алдын алу шараларын күшейтуге мүмкіндік береді.
Абылай Сабыровтың айтуынша, қауіпсіздік жүйесінде өндірістік кеңестер маңызды рөл атқарады – өңірде олардың саны 800-ден асады. Олар тәуекелдерді анықтап, құқықбұзушылықтарға жедел әрекет етеді.
Биылғы жылдың бірінші тоқсанында жазатайым оқиғалар саны 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі жағдайға азайды. Әлі де болса тау-кен металлургия саласы проблемалы болып отыр. Негізгі жарақаттану жағдайлары қалалардағы кәсіпорындарда тіркелген: Павлодарда – жеті, Екібастұзда – үш, Ақсуда екі екі адам зардап шеккен.
Бұл ретте, мемлекеттік еңбек инспекторлары павлодарлықтардан түскен 364 өтінішті қарады, оның 43-і еңбекті қорғау мәселелеріне қатысты болды.
Павлодар облысында профилактикалық жұмыстарға тұрақты түрде ерекше көңіл бөлінеді: 20-дан астам оқыту іс-шарасы өткізіліп, оған 400 қызметкер қатысты, сондай-ақ еңбекті қорғау мәселелері бойынша 300-ден астам кеңес берілді.
Мамандардың мәліметінше, жарақаттанудың төмендеуі кәсіпорындардағы тәртіп деңгейіне және ішкі бақылау сапасына тікелей байланысты.