Ертіс жағалауындағы экологиялық акцияға павлодарлықтар белсенді қатысты
Өзен жағасын тазалау жұмыстарына еріктілер мен қоғам белсенділері жұмылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласының Усолка шағын ауданында Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні мен Эколог күніне орай «Ертіс экодесанты» экологиялық акциясы өтті.
Жиын барысында қатысушылар Ертіс өзенінің жағалау аумағын қоқыстан тазартып, қалдықтарды сұрыптады. Сондай-ақ «Су дилеммасы» атты танымдық интерактивке қатысып, экологиялық тақырыптағы пікір алмасу алаңында бас қосты.
Іс-шара Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының қолдауымен «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.
Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Сағын Төлеутаевтың айтуынша, мұндай акциялардың басты мақсаты – қоршаған ортаны тазалау ғана емес, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру.
– Бүгін біз Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні мен Эколог күнін атап өтудеміз. Осындай бастамалар жас ұрпақтың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді. Тазалық сақтау әр адамның өзінен басталуы тиіс. Сондықтан экологиялық сананы қалыптастыру – басты міндеттердің бірі, – деді басқарма басшысы.
Оның сөзінше, мұндай экологиялық шаралар облыстың барлық қала-аудандарында өткізіліп келеді. Жиналған қалдықтар кейін сұрыпталып, қайта өңдеуге жіберіледі.
Облыстық табиғат қорғау іс-шараларын жоспарлау бөлімінің басшысы Гүлнар Сейілбекованың мәліметінше, акцияға «Жасыл ел» еңбек жасақтарының мүшелері, Қазақстан Қызыл Жарты Ай қоғамының еріктілері және «Замандас» қозғалысының өкілдері қатысқан.
– Бүгінгі акцияға шамамен 35 адам қатысты. Ауа райының ыстық болғанына қарамастан, барлығы белсенді жұмыс істеді. Нәтижесінде 50 тоннадан астам қалдық жиналды. Экологиялық шаралар маусым айының соңына дейін жалғасады. Алдағы уақытта өзен жағалауындағы басқа аумақтарда да осындай акциялар өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді ол.
Тазалық акциясына аға буын өкілдері де белсенді атсалысты. «Замандас» ардагерлер клубының СӨС-3 тобының жетекшісі Валентина Шальденкова өздерінің мұндай шараларға тұрақты түрде қатысатынын айтты.
– Бізді «күміс еріктілер» деп атайды. Бұған дейін де Усолка жағалауында және Ертістің арғы бетінде тазалық жұмыстарын жүргіздік. Осындай акциялардың тұрақты қатысушыларымыз, – деді ол.
Оның айтуынша, үлкендердің табиғатты қорғау бағытындағы бастамалары жастарға үлгі болуы тиіс.
– Жастарға әрдайым үлгі көрсеткіміз келеді. Қоқыс көрсең – көтер, өзің де ластама. Туған қаламызды таза ұстап, табиғаттың сыйын келер ұрпаққа аман жеткізуіміз керек, – дейді ардагер.
Акцияға Қазақстан Қызыл Жарты Ай қоғамының Павлодар облыстық филиалының еріктілері де қатысты. Солардың бірі Екатерина Кучер үшін бұл алғашқы экологиялық шара болды.
– Біз бірнеше қап қоқыс жинадық. Қаламыздың таза әрі жайлы болғанын қалаймын. Осындай іс-шараларға қатысу арқылы өзгелерді де табиғатқа ұқыпты қарауға шақырғым келеді, – деді ерікті.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай бастамалар тұрғындарды қоршаған ортаны қорғау ісіне жұмылдырып, өңірдегі экологиялық мәдениетті нығайтуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Павлодарда қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын ірі орталықтың құрылысы аяқталуға жақын. Жоба қалдықтарды қайта өңдеу көлемін арттырып, полигондарға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.