«Ертіс орманында» көктемгі орман егу науқанына дайындық қызу жүріп жатыр
Мамандар жас өскіндердің тіршілік қабілетін сақтау үшін арнайы технологияны қолданып, үлкен қар үйінділерін әзірлеуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында көктемгі орманды қалпына келтіру жұмыстары аясында қар үйінділерін дайындау іс-шаралары қарқынды жүріп жатыр.

– Бұл әдіс – табиғаттың өз күшін пайдалана отырып, болашақ орманның негізін қалаудың тиімді жолы. Жасанды тоңазытқыш рөлін атқаратын бұл үлкен қар үйінділері сыртынан сабан немесе үгінді қабатымен тығыз жабылады. Бұл технология көктемде орман тұқымбақтарынан қазып алынған жас көшеттерді белгілі бір уақытқа дейін салқын қалыпта сақтауға арналған, – делінген хабарламада.
Мамандардың айтуынша, мұндай қар үйінділері орман алқаптарына отырғызудың оңтайлы мерзімі басталғанға дейін көшеттердің мерзімінен бұрын бүршік жаруын және кеуіп кетуін болдырмауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ отырғызу жұмыстары басталғанша тамыр жүйесіндегі ылғалды тұрақты сақтауға жағдай жасайды. Бұл факторлар жас ағаштардың жаңа жерге тез жерсініп, өсіп кетуі үшін өте маңызды.