Павлодар облысында Ертіс өзенінен сыландар арнайы жағдайларда өсіріледі
Ғылыми ұйымдар тиісті рұқсаттар алуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Алматы облысы шегінде Іле, Қаратал өзендерінен, Балқаш көлінен және Қапшағай су қомасынан сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген арал пілмайын, Қызылорда облысы шегінде Сырдария өзенінен арал қаязын, Шығыс Қазақстан облысы мен Абай облысы шегінде, Ертіс өзені мен оның салаларынан тайменді, Павлодар облысы шегінде Ертіс өзенінен сыланды мекендеу ортасына шығара отырып, ғылыми мақсатта арнайы құрылған жағдайларда өсіру үшін алуға рұқсат етіледі.
– Қазіргі уақытта ғылыми ұйымдар тиісті рұқсаттар алуда, содан кейін олар сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген балық түрлері мен басқа да су жануарларын зерттеу және сақтау бойынша зерттеулерге кіріседі, – деп жазылған хабарламада.
Бұдан басқа, ғылыми зерттеулер үшін Маңғыстау және Атырау облыстарының жағалауы бойынша Каспий теңізіндегі Дурнева, Тюленьи және Ремонтные шалыги (Ақтоты) аралдарындағы 156 Каспий итбалығына ен салынады. Бұл шараның негізгі мақсаты – сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген балық түрлері мен басқа да су жануарларының шектеулі санын сақтап қалу.
Ғылыми зерттеулер аяқталғаннан кейін алынған дарақтар табиғи ортаға қайта жіберіледі.