Ертіс ауданында Иса Байзақовтың жырларын жатқа оқыған оқушылар бақ сынады

Ертіс ауданында Иса Байзақовтың жырларын жатқа оқыған оқушылар бақ сынады
Фото: ұйымдастырушылар

Шара ақынның кіндік қаны тамған Төретұмсық өңіріндегі Үлгілі ауылында ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ертіс аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен жыл сайын өтетін дәстүрлі байқауға Павлодар және Ақсу қалаларының, сондай-ақ Тереңкөл, Баянауыл, Успен, Аққулы, Павлодар және Ертіс аудандарының мектептерінен 100-ден астам оқушы қатысты.

Байқауға 5–9-сынып оқушылары қатысып, бес аталым бойынша бақ сынады. Қатысушылар Иса Байзақовтың жырларын жатқа мәнерлеп оқып, әндері мен күйлерін орындады, жас ақындар сайысына қатысты. Сондай-ақ ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған ғылыми жобаларын ұсынып, оның поэмалары негізінде сахналық қойылымдар көрсетті.

– Оқушылар «Еркін күшпен өрлеймін, өмірім ұзақ өлмеймін», «Ән қанатында», «Бұл жырды мен жырламай, кім жырлайды?», «Жас исатанушылар» және «Жырдан сахнаға» аталымдары бойынша өнер көрсетті. Әр бағыт Иса Байзақовтың ақындық, жыраулық, айтыскерлік және актерлік қырларын танытуға, шығармашылық мұрасын насихаттауға бағытталған, – дейді ұйымдастырушылар.

Шараның құрметті қонағы, Иса Байзақовтың туысы Күләш Әбиқызы қатысушыларға сәттілік тілеп, шашу шашты. Байқау ақынның мектеп ауласындағы ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды.

Бес аталым бойынша өткен байқауға ардагер ұстаздар, жазушылар мен өнерпаздар қазылық етті.

«Еркін күшпен өрлеймін, өмірім ұзақ өлмеймін» аталымында ақынның өлеңдерін ең көп жатқа оқыған Ақсу қаласындағы Береке мектебінің оқушысы Сайланхан Сәрсен бірінші орынға ие болды.

«Ән қанатында» аталымында Иса Байзақовтың әндері мен күйлерін орындаған Дарынды балаларға арналған Ы. Алтынсарин атындағы облыстық қазақ гимназиясының оқушысы Хавалхан Нұрислам жеңімпаз атанды.

«Бұл жырды мен жырламай, кім жырлайды?» атты жас ақындар байқауында Иса Байзақов атындағы мектептің 9-сынып оқушысы Саялы Ахметбекова бірінші орын алды.

«Жас исатанушылар» аталымында ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы ғылыми жобасын ұсынып, қорғаған Ы. Алтынсарин атындағы облыстық қазақ гимназиясының 6-сынып оқушысы Ақбаян Айтықбай үздік атанды.

Ал «Жырдан сахнаға» аталымында Иса Байзақовтың поэмалары негізінде сахналық қойылым ұсынған Баянауыл ауданындағы Ш. Айманов атындағы мектептің жұмысы бірінші орынға лайық деп танылды.