Павлодарлық әртіс Италияның ең әдемі театрларының бірінде ән шырқайды
Дебют 15 наурызға жоспарланған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодардан шыққан опера әншісі Мария Мудряк Пиза қаласындағы Верди театрында ән шырқайтын болды.
- 15-17 наурызда Пиза қаласының Верди театрында Моцарттың «Così fan tutte» операсындағы Фиордилиджи рөлін тұңғыш рет сомдайтыным туралы қуанышты хабармен бөліскім келеді, - деп жазды әнші Instagram парақшасында.
Театр 1867 жылы 12 қарашада Джоаккино Россинидің «Вильгельм Телль» операсымен ашылған еді. Архитектор Андреа Скала.
Театр сахнасы – Италиядағы ең үлкен сахналарының бірі: ені 26 метр, көлденеңнен 32 метр. Онда «Аида», «Нерон» секілді ірі қойылымдар жасауға мүмкіндік бар.
Айта кетейік, Мария Мудряк жастайынан Павлодар жұртшылығына ерекше дауысымен танымал. Ол еліміздегі көптеген конкурстарында бірнеше рет жеңіске жеткен еді. Мемлекет басшылығы және Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен ол Миландағы Музыка жоғары академиясында білім алды.
Әнші Карло Рицци, Ренато Палумбо, Альдо Сисилло, Фабрицио Карминати, Кристофер Франклин, Мэтью Окойн және Никола Пазковски секілді дирижер, сондай-ақ Лео Нуччи, Уго Де Ана, Ферзан Озпетек, Кьяра Мути және Андреа Сини сынды режиссерлермен бірге жұмыс істеген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мария Мудряк пен Иманбек Зейкеновтің еліміздің имиджін көтеруге көмектесіп жатқан ерекше еңбектерін жоғары бағалады.