Павлодарлық музейде Торайғыровқа арналған поэзиялық кеш өтті

Павлодарлық музейде Торайғыровқа арналған поэзиялық кеш өтті
Фото: Потанин музейі

Кешке 40-қа жуық адам қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Потанин атындағы Повлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінде С.Торайғыровтың  130 жылдығына арналған «Шығамын тірі болсам адам болып» атты поэзиялық кешін ұйымдастырды. 

Торайғыров шығармаларының ізденістері «шындықтың ауылын іздеумен» байланысты, оның реализмі бұлтақсыз, жалтақсыз айтылған шындыққа, әлеуметтік тіршіліктің шынайы суреттеріне негізделген.

Музей қызметкері Жеңісбек Қадырұлының айтуынша, шараның басты мақсаты – қазақтың белгілі ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров оқырмандарын қазақ ауыз әдебиетінің, шығыс әдебиетінің үлгілерімен таныстыру.  Қазақтың ақыны, ағартушы-демократының өшпес мұрасын өскелең ұрпаққа дәріптеу.  

– Сұлтанмахмұт Торайғыров қысқа өмірінде көптеген маңызды шығармалар жазғаны соншалық, ол ұлттық мәдениет тарихында құрметті орынға ие болды. Өмірлік жолында кездескен қиындықтарға төтеп беріп, өзінің қайсар мінезін көрсетті. Ақынның өмірде ұстанған ұраны, оның білімге, ғылымға, өнерге деген талпынысы бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан емес, –  дейді Жеңісбек Қадырұлы.

Шара барысында Сұлтанмахмұт Торайғыровтың туындылары оқылып, арнаулар айтылды. Айтыскер, ақын Шолпан Байғалы кештің қонағы болды. 

Мұзафар Әлімбаев  атындағы жалпы орта білім беру мектебінің оқушылары ақынның «Шығамын тірі болсам адам болып», «Бір адамға», «Оқып жүрген жастарға», «Шәкірт ойы», «Балалық шақ» сынды ақынның өлеңдерін оқыды.

Еске сал кетейік, ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Шолпан Байғалықызының 75 жылдық және ақын, жазушы, Қазақстан және Моңғолия Жазушылар одағының мүшесі Ақын Алақанұлының 80 жылдық мерейтойына арналған көркемсөз оқудан байқау ұйымдастырылған еді. Байқаудың жүлдегерлері планшеттер ұтып алды.