Ертіс ауданында медициналық нысандардың құрылысы талқыланды

Ертіс ауданында медициналық нысандардың құрылысы талқыланды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бұл туралы өңірлік денсаулық сақтау басқармасының басшысы мәлімдеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожиновтың жұмыс сапары аясында Ануар Бұйрашев Ертіс ауданына барып, денсаулық сақтау мәселелері бойынша азаматтарды қабылдау өткізді. Қабылдау барысында тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтар сол жерде шешіліп, толық түсініктемелер берілді.

Сонымен қатар, ол сапар аясында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде салынып жатқан медициналық нысандардың құрылыс барысымен танысты.

Ануар Бұйрашевтің айтуынша, Ленино ауылында дәрігерлік амбулатория, Қарақұдық және Қызылағаш ауылдарында медициналық пункттер салынуда. Қазіргі таңда дәрігерлік амбулаторияның құрылысы 50%-ға аяқталған болса, медициналық пункттер толықтай дайын, ескертулер бойынша түзету жұмыстары жүргізілуде.