Ұзын-сонар кезек: Павлодарлықтар медициналық көмек көрсетпегенде не істеуі керек?
Дәрігерлер қабылдауға айлар бойы кіре алмаған жағдайда қайда жүгіну керектігін айтып берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникация қызметінде өткен баспасөз конференцияда «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ҚАҚ-ның Павлодар облысы бойынша филиалы директорының м.а. Алмагүл Ахметжанова мәлім етті.
– Екі немесе үш ай бойы анализ күту деген мүлдем болмау керек. Бейінді мамандардың қабылдауына кіру үшін кезекте күту уақыты 10 күннен аспауы керек, – деді спикер.
Оның сөзінше, әлеуметтік сақтандыру қоры бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсететін мекемелерге уақытылы қызмет көрсетпегені үшін экономикалық ықпал ету шараларын қабылдайды.
– Егер қандай да бір медициналық ұйымы талаптарға сәйкес қызметті орындамаса, тиісті қорытынды шығарып, олардың қаржыландыруын азайтамыз, – деп түсіндірді Алмагүл Ахметжанова.
Айлар бойы бір маманның қабылдауына кіре алмаған тұрғындар келесі телефон арқылы азаматтардың өтініштері бөліміне шағым айтып, сұрақ қоя алады: 70-41-23, 70-41-24. Оған қоса 1414 колл-центрі жұмыс істейді.
Сондай-ақ, ауруханаларда кезектердің пайда болуы мамандардың тапшылығына да байланысты.
– Ол жағын біз жасырамаймыз. Невропатолог, отоларинголог, окулист, нейрохирург сияқты бейінді мамандар қатты жетіспейді. Бұл біздің облысымызда ғана емес, бүкіл республикада бар мәселе, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы емдеу ісі және алғашқы медициналық-санитарлық көмек бөлімінің басшысы Ләйла Рахимова.
Оның сөзінше, мүмкіндігінше бейінді мамандарды аудандарға жіберіледі. Бұл ауыл тұрғындарына жағдай жасау үшін қолданылатын шараның бірі.