Ертістегі балалар мектебі тағы да үздік атанды
Мұнда 700-ден астам бала білім алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Биыл 60 жылдан астам тарихы бар Ертіс балалар өнер мектебі «Үздік қосымша білім беру ұйымы – 2026» облыстық байқауының жеңімпазы атанды. Финал шаһардағы М.М. Катаев атындағы облыстық оқушылар сарайында өтті.


Байқау екі кезеңнен тұрды. Алдымен қатысушылар қазылар алқасына мектептің даму бағдарламалары мен жобаларын таныстырды. Төрешілер жұмыс жүйесін, оқушылар мен ұстаздардың жетістіктерін бағалады. Екінші кезеңде қатысушылар офлайн форматта осының барлығын іс жүзінде көрсетті.
Ертіс өнер мектебі презентация, оқу орнының өмірі туралы қысқа фильм және шығармашылық нөмір ұсынды.
– Бірінші кезеңде қашықтан барлық құжаттарымыз бен қызметіміз тексерілді: даму бағыттары, оқу материалдары, оқушылар мен ұстаздардың жетістіктері, материалдық база. Екінші кезеңге презентация мен үш минуттық фильм дайындадық, – деді мектеп директоры Жәнібек Аманжолов.
Бейнеролик мектептің күнделікті өмірін, сабақ барысын және шығармашылық атмосферасын барынша кең көлемде көрсетуге тырысқан. Түсірілімге мұғалімдер мен оқушылар қатысты.


Жәнібек Аманжоловтың айтуынша, екінші кезеңге дайындық бірнеше күнге созылған.
– Финалға өткеніміз белгілі болған соң, бірден дайындықты бастадық. Қысқа уақыт ішінде ұстаздар шығармашылық нөмірлер қойып, бейнеролик түсірді. Барлығы бес күннің ішінде дайын болды, – деді ол.
Соңғы үш жылда мектептегі оқушылар саны 660-тан 740-қа дейін өскен. Мұнда музыкалық, хореографиялық, көркем және тілдік бағыттар дамыған, сондай-ақ ерте даму тобы жұмыс істейді.

Мектеп екі ғимаратта орналасқан. Бірі – бұрынғы қазақ орта мектебінде болса, екіншісі – кезінде «Ертіс нұры» аудандық газетінің редакциясы болған ғимарат, ол 2024 жылы облыс әкімі Асайын Байхановтың қолдауымен күрделі жөндеуден кейін қайта ашылған.
Қазір сабақтар екі корпуста да өтеді. Бұл балаларды көбірек қамтуға және қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Мектеп оқушылары түрлі байқауларда тұрақты түрде жүлделі орындарға ие болады. Әсіресе домбыра, фортепиано, аккордеон, жетіген және вокал бағыттары жақсы дамыған. Бейнелеу өнерінде де жетістіктер бар: оқушылардың жұмыстары Н. Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейінде көрмеге қойылған.
– Біз облыстық музеймен тығыз жұмыс істейміз. Үш жылда бір рет оқушыларымыздың жұмыстарынан көрме ұйымдастырамыз. Балалар үшін бұл – ерекше тәжірибе. Өз туындыларын нағыз көрме залында көрсету, көрермен пікірін есту, өздерін суретші ретінде сезінуге мүмкіндік береді, – дейді мектеп басшысы.
Мекеме ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін де қолжетімді. Оларға жеке сабақтар өткізіліп, бүлдіршіндер байқауларға қатысуға мүмкіндік алып отыр.


Мектепке қабылдау бес жастан басталады. Шығармашылық пәндерден бөлек, математика, ағылшын және қазақ тілдері оқытылады, логопед жұмыс істейді.
Жәнібек Аманжолов соңғы жылдары балалардың да, білім беру талаптарының да өзгергенін атап өтті.
– Қазіргі балалардың қызығушылығы басқа, сондықтан біз заманауи әдістерді, соның ішінде жасанды интеллект элементтерін қолдануға тырысамыз. Бірақ шығармашылықта ең маңыздысы – педагог екенін түсінеміз. Ешбір технология тікелей түсіндіру мен эмоцияны алмастыра алмайды, – деді ол.

Бұл жеңіс – ұстаздар мен оқушылардың үлкен еңбегінің нәтижесі. Бұған дейін де мектеп осы байқауға қатысып, 2017 жылы екінші, ал 2019 жылы бірінші орын алған.
Өңірлік білім басқармасының мәліметінше, өңірде тоғыз балалар өнер мектебі бар, онда бес мыңнан астам бала білім алады.